Францияда қазақ тілін үйренушілер көбейді
Парижде Қазақстан Елшілігі жанынан «Абай» мәдени орталығының ашылғанына жеті жыл толды.
Мұнда қазақ елінің мәдениетін тереңнен танып, тілін үйренеді.
Элизды «Франциядағы қазақ қызы» деп атайды. Ол Консулдықтағы сабақ арқасында тіл деңгейін айтарлықтай жақсартқан оқушылардың бірі. Тіпті әлеуметтік желіде блог жүргізіп, оқырмандарына қазақ тілінде видео түсіріп, француз тілін үйретеді. Элиздің тілге деген қызығушылығы пандемия кезінде пайда болған, алайда тәжірибе мен тілдік орта жетіспеген. Өз талпынысы мен осы сабақтарға қатысудың арқасында кейін жаңа мүмкіндіктер ашып, Қазақстанның батыс өңіріне да барып келген.
Элиз Пакето, қазақ тілі курсының оқушысы, блогер:
- Мен апта сайын Парижде қазақ сабағына барамын, және Құралай мұғалім өте жақсы, маған өте ұнайды.Мен бешбармақ татып көрдім, өте дәмді болды, және мен Бозжыраға бардым. Және мен базарға бардым, қазақ дәстүрлі киім сатып алдым.
Бүгінгі сабақ тақырыбы — халқымыздың Көрісу мен Наурыз мейрамдары. Қазақ тілін оқытуға құштарлығы жоғары, Франция елінде өз тілін насихаттау ісінде еңбек етіп жүрген филология ғалымдарының кандидаты Құралай Қалиева тек грамматика мен лексиканы емес, білім алушыларға халқымыздың дәстүрі мен бай мәдениетін дәріптеп отырады. Сабаққа студенттер ғана емес, түрлі салада еңбек етіп жүрген мамандар, ғалымдар, қазақ диаспорасының өкілдері де қатысады.
Құралай Қалиева, филолог, қазақ тілін оқытушы:
- Методикаға келетін болсақ, әрине шетел азаматына, араларында мысалы мүлдем Қазақстанға барып көрмеген, қазақ ұлтымен бетпе бет жүздесуі тек мен арқылы жүріп жатқан азаматтарға үйрету өте қиын. Әріптің өзің меңгерту, білесіздер біздің 42 әріптің өзің ежелеп үйретудің өзіңе 3-4 сағат кетеді. Яғни ол кісілер өздерінің француз әліпбиіндегі әріптерімен шатастыруы өте көп. Мысалы, біздің У дыбысы олардың Игрек дыбысымен бірдей болып таңбалануы.
Шетелдіктерге, әсіресе франкофондарға қазақ тілін үйрету әлі дамыған бағыт емес. Әдетте оқу әдістемелері көбіне орыс тілді аудиторияға арналған еді. Бүгінде әлем бойынша қазақ тілі мұғалімдері «Тіл қазына» ғылыми-практикалық орталығының оқулықтарын пайдаланады. Оған қоса, ұстаздардың жылдар бойы жинақтаған жеке әдістемелері бар. Бұл жұмыс өз нәтижесін беріп жатыр.
- Менің атым Тристан, мен Парижде тұрамын. Мен жиырма сегіздемін. Мен астрофизикпін.
Тристан, оқушы:
- Қазақ тілін өткен жылдың соңында ғана үйрене бастадым. Алғашында қиын болды, бірақ кейін оның өте логикалық тіл екенін түсінесің. Француз тілінде ережелер көп әрі ерекшеліктері де көп, ал қазақ тілінде жүйелілік басым.
- Менің атым Мишель, мен Парижде тұрамын, қазақ тілін Елшілікте үйреніп жүрмін.
Мишель, оқушы:
- Қазақстанда отыз жыл бұрын жұмыс істедім. Түрік тілін үйренгеннен кейін қазақ тілі маған жеңілірек болды. Францияда қазақ тілін практикада қолдану қиын, ал бұл сенбілік сабақ жақсы мүмкіндік береді.
Елшілік жанындағы курстан бөлек Құралай Қалиева қазақ тілін Франциядағы көне гуманитарлық оқу орындарының бірі — INALCO студенттеріне де үйретеді. Дипломаттарымыздың қолдауымен қазақ тілі институттың оқу бағдарламасына үш жыл бұрын қайта еңгізілді. Демек, Францияда қазақ тілін меңгергендер саны жыл сайын артып келеді. Бұл екі ел арасындағы мәдени, білім және экономикалық байланыстардың нығаюының нәтижесі.
Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан