Малайзия жанармай субсидиясын қысқартты

Малайзияда жанармай бекеттері субсидияланған бензинді шетелдіктерге сатпайды. Ал өз азаматарына лимитті бұрынғы 300 литрден 200 литрге азайтты.

Жаңа ереже бюджет шығынын үнемдейді дейді сарапшылар. 

Әнел Еділқызы, тілші:

- Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғалы бері Малайзияда жанармай субсидиясына жұмсалатын қаржы айтарлықтай артты. Жыл басында бұл мақсатқа айына шамамен 150 миллион АҚШ доллары бөлінсе, қазір бұл көрсеткіш 850 миллион долларға жеткен. Билік осылай ел ішінде бензин бағасының күрт өсуіне жол бермей отыр.

Коллинз Рекс Ричардс, Халықаралық сауда және сыртқы экономикалық саясат сарапшысы:

- Нарықта мұнай бағасы қымбаттап, баррелі 120 долларға жетті. Алайда халық бұл өсімді айтарлықтай сезініп отырған жоқ. Себебі жанармай бағасы нарық деңгейінен төмен деңгейде сақталып отыр. Қабылданған шаралар сыртқы баға қысымын біршама бәсеңдетуге мүмкіндік береді. Алайда бұл уақытша жағдай. Егер қақтығыс тағы бірнеше айға созылса, бюджетке түсетін салмақ күшейіп, инфляция өсіп, азық-түлік қымбаттауы мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, көбіне шағын және орта бизнес жапа шегеді. Өйткені жанармай шарықтаған сайын логистика мен тасымал құны қымбаттайды. Алдын ала есеп бойынша, компаниялардың шығыны 50 процентке дейін өсуі мүмкін. Қазір қақтығыс салдары туризм саласына кері әсер ете бастады. Дизель отынының қымбаттауынан автобус пен трансфер қызметтерінің тарифтері 80 пайызға дейін өсуі ықтимал. Қақтығыс басталғалы бері дизель бағасы өңірлік нарықта шамамен 60 пайызға артқан.

Авторлары: Әнел Еділқызы, Иманәлі Әнуар