Д. Трамп Иран бойынша үндеу жасады
32 күн. Дональд Трамп Ирандағы әскери операция мерзімін осылай сипаттады. Ол мұны: «Бұған дейінгі АҚШ қатысқан соғыстардан анағұрлым қысқа», - дейді.
Бұл туралы Ақ үй басшысы АҚШ халқына жолдауында мәлімдеді. Тікелей эфирдегі президент баяндамасы осыған дейінгі әлеуметтік желілерде жарияланған пост мәтіндерін қайталады. Иранның АҚШ пен Таяу Шығысқа төндірген қаупін баса назарға алды. Тегеранның әскери әлеуетін әлсіреткенін тілге тиек етіп, көздеген негізгі мақсаттарына жеткенін айтты. Алайда соғыстың нақты қашан аяқталатынын немесе дипломатиялық шешімнің болар-болмасы жөнінде ештеңе айтпады. Тек алдағы екі-үш аптада Иранға қарсы жойқын соққылар жасап, әскерді содан кейін ғана өңірден алып кетуі мүмкін екендігін баян етті. Сондай-ақ Дональд Трамп Тегеранда режим ауыстыруды көздемегенін алға тартып, билік өкілдерінің көзі түгел жойылған соң жұмсағырақ режим қалыптасқанын айтты.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- АҚШ-тың Бірінші Дүниежүзілік соғысқа қатысуы 1 жыл, 7 ай, 5 күнге созылды. Ал екінші дүниежүзілік соғыста 3 жыл, 8 ай, 25 күн болдық. Корей соғысында 3 жыл, 1 ай, 2 күнімізді сарп еттік. Вьетнам соғысына 19 жыл 5 ай 29 күн арнаппыз. Ал Ирактағы соғыста 8 жыл, 8 ай, 28 күн өткіздік. Ал қазіргі әскери операцияда сондай жойқын күшпен төніп, 32 күн ғана өткіздік. Иранның быт-шыты шықты. Ендігәрі бізге қауіп төндіре алмайды. Бұл – балаларыңыз бен немерелеріңіздің болашағына жасалған инвестиция.