NASA Artemis-II миссиясын сәтті орындады

АҚШ-та адамзатты Айға қайта апаратын тарихи миссия – Artemis II сәтті ұшырылды. Бұл – кейінгі 50 жылда адамзат баласы қатысқан алғашқы Ай миссиясы.

Экипаж құрамында төрт астронавт: миссия командирі Рид Уайзман, ұшқыш Виктор Гловер, миссия маманы Кристина Кох және Канаданың өкілі Джереми Хансен бар. Олар шамамен 10 күн бойы ғарышта болып, Айды айналып ұшып, Жерге қайта оралады. Миссияның басты мақсаты – адамдарды Ай орбитасына қауіпсіз жеткізу, жаңа Орион ғарыш кемесі мен Спейс Лонч Систем зымыранының мүмкіндіктерін сынау, сондай-ақ болашақта Ай бетіне қонуға дайындық жүргізу.  

Естеріңізге сала кетейік, Artemis-II – 2022 жылы жүзеге асқан Artemis-I миссиясының жалғасы. Ол кезде экипажсыз Orion кемесі Айды айналып, ұшу жүйесінің сенімділігін дәлелдеді. Осы жоба аясында АҚШ-тың мемлекеттік департаменті БАҚ өкілдеріне арнап ғарыш индустриясына бағытталған пресс-тур ұйымдастырды.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Бүгін Артемис ІІ айға аттанып, 50 жылдан кейін АҚШ ғарыштағы айтулы миссиясын қайта жандандырды. Сапардың сәтті болуына, миссиялардың жалғасын табуына осы елдің ғарыш саласына ден қойған бес штаты айрықша үлес қосып отыр деуге болады. Солардың бірі солтүстік батыс Америкадағы Вашингтон штаты. Мемлекеттік департамент ұйымдастырған арнайы пресс-тур аясында ғарыш саласының «Силикон алқабы» атанған өңірдің тыныс тіршілігімен, кейінгі өнертабыс үлгілерімен танысып қайттық.

Он шақты журналист болып алдымен Сиэтлдегі Авиация мұражайына табан тіредік. Ғарыш саласының дамуы жайлы ақпаратты хронологиялық тұрғыда ала бастадық. Қазақстаннан екенімді білгенде мұражай қызметкері жылы шыраймен нысан ішіндегі бірегей жәдігерді таныстыра кетті.

Тед Хьюеттер, авиация мұражайының қызметкері:

- Мұражайымыздағы ерекше жәдігерлердің бірі – осы «Союз» бағдарламасына тиіесілі Жерге оралған капсула. Бұл – аспан әлемін бағындырған адамзаттың озық өнертабысы. Дәл осы зымыран 2010 жылы көкке көтерілген және маған ең ұнайтыны – бұл жәдігердің бойынан Қазақстан топырағын байқап, сипап, сезуге болады. Қазақ даласына қонған кемені мұражайымызға әкелгенде бар болмысын сақтап, қазақ топырағымен қоса алып келді. Біз осы деректі мұражай қонақтарына қуана-қуана айтып жүрміз. 

АҚШ ғарышкерлері ұзақ мерзімді миссиялардан кейін жерге оралғанда көбіне Қазақстан аумағына келіп қонады. Алайда ғарыш саласындағы қазақ-америка қарым-қатынасын байланыстыратын тек бұл емес. Мысалы, бір ғана Вашингтон штатының өзі елімізбен пайдалы қазбалар саласында ынтымақтастық орнатқан. Космонавтикаға қажетті құрылғыларды құрастырып шығарып жатқан өңірге шикізаттың біразы Қазақстаннан келеді екен.

Джор Дэвис, Үлкен Сиэтл өңірінің экономикалық даму жөніндегі бас директоры:

- Өңірімізге Қазақстаннан келетін делегация өкілдерімен аэроғарыш саласындағы шикізаттан бастап, дайын өнімдер тасымалына дейінгі тізбек бойынша келіссөз жүргізіп келеміз. Қазақстанда көп мөлшерде кездесетін стратегиялық маңызды минералдар, титан мен алюминий секілді металдар басты назарымызда. Әлемдегі геосаяси ахуалдың қиындай түсуі Қазақстанның сенімді балама екенін дәлелдеп отыр.

Ғарыш саласы қарыштап дамығаннан бері кеңістіктегі қуаты таусылып не бұзылып істен шыққан құрылғылар мен олардан қалған қоқыс мәселесі де күннен күнге өзекті болып келеді. Арнайы тур аясында спутниктерді ғарышта-ақ жөндеп, өмірін ұзартатын Starfish Space компаниясымен таныстық. 50 миллион доллардан астам инвестиция тартқан стартап Жер орбитасындағы жарамсыз аппараттарды жою мен оларды жерге қайтаруды да миссиясының бір бағытына айналдырған. Әлі де даму кезеңіндегі компания миссияның құпиялығына байланысты көп дүниені ашып көрсетпеді. Десе де қазірге кездегі индустрияға тән негізгі қиындықтарын былайша тізіп шықты.

Джефф Лю, Starfish Space компаниясының жасанды жер серіктері миссиясының жетекшісі:

- Ғарыш саласын қиындатып тұрған дүниелер қатарына шикізаттан басталатын жеткізу тізбегінің тұрақсыздығы, ұшыру миссияларының күрделілігі мен жұмыс құрылымының өзгеріске оңай түспейтін ерекшеліктерін қосар едім.

Яғни шикізат тізбегінің тұрақсыздығы Ай мен Марстағы ғарыш миссияларына да кесірін тигізуі мүмкін. Ол жайлы ядролық қуат көзіне басымдық беріп отырған Zeno Power компаниясы да пікір білдірді. Ядролық қалдықтар мен радиоактивті изотоптарды Франциядан алдыруды мақсат кеткен нысан өз жұмысы үшін сенімді серіктестердің аса маңызды екенін тілге тиек етті. Себебі алдағы уақытта құрылғылардың батареясы күндеп емес, жылдап қолдануға жарамды болмақ. Бұл 2 аптаға созылатын Ай түнінде энергия бере алмайтын күн панельдерін алмастырудың таптырмас шешімі болуы мүмкін.

Джон Джэйкобс, Zeno Power компаниясының саясат және үкімет істері жөніндегі менеджері:

- Енді ұзақ мерзімді миссияларды қиындықсыз орындауға болады. Екі аптаға ғана жететін 100-150 млн долларлық Ай роверлерінің орнына ондаған жыл бойы қызмет ететін құрылғыларды ғарышқа жіберуге болады.

Осылайша, Artemis-II миссиясы тек Айға ұшумен шектелмей, ғарыш индустриясының жаңа кезеңін бастап отыр. Жердегі өндіріс пен шикізаттан бастап, орбитадағы қызмет көрсету мен Айдағы болашақ ресурстарға дейінгі тізбек айқын қалыптасты. Бұл үдерісте Қазақстан да стратегиялық минералдар арқылы маңызды серіктеске айналып отыр.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг