Жасанды интеллект Айға ұшты
АҚШ-тың «Artemis II» миссиясы Айға аттанғалы бері ғарышты игерудің жаңа бір дәуірі басталғандай. Дәл осы сәтте төрт астронавт Айға қарай ұшып бара жатыр.
Алайда бұл жолы олар ғарыш кемесінде жалғыз емес. Адамзат тарихында тұңғыш рет жасанды интеллект ашық ғарышта толыққанды «екінші ұшқыш» рөлін атқарып отыр.
Араға жарты ғасыр салып Айға бет алған ғарыш кемесі озық технологияларды да сынақтан өткізіп жатыр. Бұл жолы 70-жылдардағы Апполондардың кезеңіндегідей көптеген операция қолмен емес, заманауи автоматтандырылған жүйелер арқылы жүзеге асады. Orion кемесі бортында цифрлық модельдеу мен жасанды интеллект элементтері кеңінен енгізілген. Олар ұшу кезінде жиналатын деректерді жедел өңдеп, ықтимал ақаулардың алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Тура солай ғарышта ұшып бара жатқан телескоптар мен жасанды жерсеріктері мыңдаған терабайт ақпаратты жедел өңдеп, уақыттан ұтуға жол ашқан.
Мысалы, сиэтлдік BlackSky компаниясы Жер шарының суреттерін жылдам сараптап, америкалық және шетелдік ұйымдарға өз қызметін ұсынып келеді. Қазір бейнематериалдың өзін сұраудан гөрі, өңделген ақпаратқа тапсырыс беру жиіледі дейді олар.
Лин Шассань, Black Sky компаниясының маркетинг пен өнім жөніндегі бас директоры:
- Жасанды интеллект – ғарыш саласында да қарқынды дамып жатқан құрал. Клиенттеріміз жерсеріктік бейнелерді пайдалана отырып, нысандарды анықтау мен олардың қозғалысын талдауды көздейді. Кейбірі тіпті суреттің өзін емес, жасанды интеллект өңдеп берген дайын қорытындыны ғана алады. Соның арқасында олар көп деректі сүзбей-ақ, уақыт үнемдеп, нақты әрі дайын сараптамаға қол жеткізіп отыр. Яғни қызметтің тартымдылығын арттырып келеді.
Тек NASA ғана емес, SpaceX төңірегінде де жасанды интеллектке қатысты жаңа бағыттар қызу талқыланып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, алпауыт компаниялар алдағы уақытта деректерді өңдейтін орталықтарды тікелей Жер орбитасына орналастыру мүмкін. Осылайша, «бұлтты технологиялар» енді аты айтқандай бұлттардың арғы жағына көтеріліп кетпек.
Джеффри Нанн, аэроғарыш мұражайының кураторы:
- Жасанды интеллект ғарыш саласында бұрын соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізетін секілді. Соңғы трендтердің бірін мысалға алсақ, кейбір өнертапқыштар дата центрлерді, яғни деректер орталықтарын Жер орбитасына орналастырғысы келеді. Неге? Себебі Жерде олар көп энергия мен суды талап етеді, ал ғарышта күн энергиясы шексіз әрі оның экологияға зияны жоқ. Мұндай жобалардың техникалық және экономикалық тиімділігі әлі зерттеліп жатыр десек те, қарыштап дамып келе жатқан ғылым әлеміне қолжетімді дүние болары әбден мүмкін.
Ердана Ержанұлы, тілші:
Болашақта жасанды интеллект адамзаттың Күн жүйесін игеруіндегі басты құралы болуы әбден мүмкін. Роботтар адам бармайтын қауіпті аймақтарды зерттеп, болашақ базалардың іргетасын қалайды. Ал ол үшін ақылды автономды жүйелер өте маңызды. Демек жұлдыздарға барар жол енді тек зымыран отынымен емес, алгоритмдердің қуатымен де өлшенбек.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг