БҰҰ: 45 млн адамға аштық қаупі төніп тұр
Таяу Шығыстағы соғыс созылып кетсе, әлемде 45 миллион адам аштыққа ұшырауы мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты азық-түлік мәселесімен айналысатын барлық мекемелер осылай деп дабыл қағып жатыр.
Бұған басты себеп – АҚШ, Израиль мен Иран арасындағы қарулы қақтығыс, сонымен қатар Ливан мен Газа секторындағы ұрыс қимылдары. Әлемдік нарық үшін аса маңызды "Брент" маркалы мұнайдың баррелінің 110 доллардан асуы логистика, электр энергиясы мен ауыл шаруашылығы шикізаты шығындарының қымбаттауына алып келді. Жалпы салмағы 70 мың тоннаға жететін азық-түлік жүктері кідіріске ұшырап немесе басқа ұзақ әрі қымбаттау бағыттарға ауысуға мәжбүр. Аталған тамақ көлемі айына 4 миллион мұқтаж адамның жүрек жалғауына жететін еді. Биылғы егіске де үлкен қауіп төніп тұр. Өйткені алыс-беріс тыйылып, тыңайтқыш та үлкен тапшылыққа айналмақ.