Әлемде электр көліктерінің саудасы қызды
Әлемдік көлік нарығында электромобильдерге сұраныс күрт артты. CarEdge америкалық автомобиль платформасының дерегіне сүйенсек, кейінгі үш аптаның өзінде тоқпен жүретін көлікке сұраныс 20 пайызға артқан.
Немістің MeinAuto компаниясы тұтынушылар тарапынан қызығушылық 40 пайызға көбейгенін айтады.
1973 жылғы мұнай дағдарысынан кейін әлем жанармайды аз тұтынатын, шағын әрі қозғалтқышы кіші көліктермен жүруге көше бастады. Ал кейінде, бензиннен газға көшкендер көбейді. Бірақ газ да қымбаттаған соң жұрт электр көліктерге аяқ арта бастады. Қазір Таяу Шығыстағы геосаяси тұрақсыздық кезінде электромобильдердің саудасы тіптен қызды. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы BYD автосалондары адамға лық толы. Қытайлық Geely компаниясы енді экспортты 80%-ға дейін ұлғайтпақ. Компания акциялары Ирандағы қақтығыс басталғалы бері шамамен 50%-ға өскен. Ад Аустралияда дизель қымбаттағанан кейін, электромобильдер үшін берілетін несие көлемі екі есе артты. Францияда Tesla көліктерін тіркеу үш есеге көтеріліп, Ұлыбританияда ай сайынғы сатылым рекордтық деңгейге жетті. Бұл сұранысқа басқа да факторлар әсер етеді. Мәселен, электромобильдерге арналған инфрақұрылым әлдеқайда жақсарған. Әлемде қуаттағыш станциялардың саны 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көбейді.
Сукарно Ризки Путра Эламбанг, BYD компаниясының кеңесшісі:
- Жанармай бағасының қымбаттауы BYD компаниясына елеулі әсер етті. Дилерлік орталықтарға келушілер саны күрт артты. Бұрын аптасына тек 10–20 адам келетін болса, қазір бұл көрсеткіш екі есе өсті. Ал кейбір аудандарда тіпті үш есе көбейген. Бұл электромобильдер сатылымының ұлғаюына айрықша ықпал етеді.
Былтыр әлем бойынша 20 миллионнан астам тоқпен жүретін көлік сатылған. Лондондағы Benchmark Mineral Intelligence компаниясының дерегіне сүйенсек, бұл рекордтық көрсеткіш. Былтырғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп.
Қытайда қазір бензинмен жүретін көліктерден көрі электромобильдер мен гибридтерді көп алады. Өткен айда автомобиль саудасы былтырғы кезеңмен салыстырғанда 15,2%-ға азайған. Бұған Қытайда мұнай бағасының күрт қымбаттау себеп. Билік, ішкі жанармай бағасының өсуін тежеуге тырысқанмен нарық күш бермей тұр. Тек Қытай емес, әлемде бензинмен жүретін көліктердің дәуірі біртіндеп аяқталып келеді. Ал электромобильдер экологиядан бөлек, экономикалық тұрғыдан да тиімді болып тұр. Энергетикалық дағдарыстар мен технологиялық прогресс бұл үдерісті енді одан әрі жеделдетіп, болашақта көлік индустриясының толық трансформациясына алып келуі мүмкін. 2030 жылға қарай электромобильдер нарығы шамамен 6,5 триллион долларға жетеді деген болжам бар. Өйктені бұл сектордың қарқыны жалпы автомобиль нарығының өсімінен әлдеқайда жоғары қазір.
Электромобильдер нарығында көшбасшы – Қытай. Еуропа мен АҚШ-та қарқын қосып, экологиялық нормативтер, зарядтау станцияларының желісін жылдам дамытуға күш салып келеді. Автомобиль өнеркәсібі қазір көлік сатудан гөрі, технологияны, экологияны және цифрлық қызметтерді біріктіретін динамикалық нарыққа айналды. «Алдағы 10 жылда электромобильдер нарығының көлемі бензин көліктерінің үлесін әлдеқайда азайтып, әлемдік автомобиль индустриясын жаңа дәуірге шығаруы мүмкін», - дейді сарапшылар.
Егер Иранда соғыс аяқталып, мұнай бағасы төмендесе, жүргізушілер жанармай бағасына азырақ алаңдайтын болады. Сол кезде батарея өндірісінің қарқыны біршама бәсеңдеуі мүмкін. Бірақ электромобильдер саудасы ақырындап болса да өсе бермек.