Электронды сауда қарқын алды
Скутер, мопедтер дегенмен өмірімізге дендеп енді, әсіресе онлайн сауда осы жеңіл көліктердің арқасында өркендеп тұр. Қазір әлемде әр бесінші тауар онлайн сатылады.
Былтыр электронды коммерция көлемі жалпы сауданың 21 пайызына жуықтады. Жалпы тауар атаулы алдымен теңіз арқылы тасымалданады. Бұл ұзақ уақытты алғанымен, ең арзан жол. Бірақ Ормуз бұғазының айналасындағы дүрбелең бір ғана теңіз тасымалына сенім артып отыруға болмайтынын көрсетті. Енді компаниялар жеткізу бағыттарын әртараптандырып, логистиканы өзгертуге мәжбүр. Осылайша соғысқа да қарамастан, саудагерлер саудасын қыздырудың амалын тауып жатыр.
Күнделікті тіршілігімізге деңдеп енген электронды сауда жоғары қарқынмен дамып келеді. Әлем бойынша айналымы 7 трлн долларға жуықтады. Әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азияда сауданың бұл түрі қызып тұр. Одан кейін - Латын Америкасы. Биыл мұндағы нарықтың үлесі 215 млрд долларға барады деген болжам бар. Сауданың 80 пайызынан астамы смартфон арқылы жасалады. Сондай-ақ Үндістан жаһандық өсімнің басты қозғаушы күшіне айналды. Елде макроэкономикалық жағдайдың жақсаруына байланысты онлайн сауда нарығы жылдам дамып жатыр. Сатып алушылар арасында, әсіресе, жас буын өкілдері мен орта табысты тұрғындар белсенді.
Манан Бхасин, сарапшы:
- Жылдам коммерция күнделікті өмірге қажетті өнімдер мен электроника сияқты тауарларды өткізу үшін ыңғайлы арна ретінде де қызмет етеді. Тұрмыстық заттар әлі де тұтынудың негізгі бөлігі саналады. Олардың үлесіне жалпы тұтынудың 85-90%-ы тиесілі.
Жасанды интеллект сауда жасайды
Онлайн сауда жаңа кезеңге қадам басты. Жасанды интеллект тауарларды таңдауға тікелей әсер ете бастады. Ал танымал брендтер тұтынушыға емес, алгоритмдерге сүйене отырып, стратегияларды қайта құруға мәжбүр. Бұл туралы The Times сарапшылары мәлімдеді.
Зерттеулерге сәйкес, еуропалық пайдаланушылардың шамамен 38%-ы тауарларды таңдау кезінде нейрожелі құралдарын пайдаланады. Егер бұрын сатып алушы тауарды өзі іздеп, салыстырған болса, қазір алгоритмнің дайын ұсынысына ден қояды. Демек, салада бәсекелестік артады. Өйткені алгоритмдердің адамдардан айырмашылығы - олар эмоционалды маркетингке, жарнамаға немесе брендтің беделіне назар аудармайды.
Қысқасы, электронды сауда нарығында бұдан былай бренд ықпалы төмендейді. Себебі жасанды сана салқынқанды, тиімді таңдауға деген үрдісті күшейтіп отыр. Қазірдің өзінде ірі жаһандық брендтердің жалпы нарықтан артта қалып жатқаны байқалады. Ол ол ма, мамандардың сөзіне сенсек, болашақта нейрожелі тауарды таңдауға көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар сатып алуды адамның қатысуынсыз-ақ жүзеге асыруы мүмкін.