Еуропада ұшақ жанармайы таусылуға жақын
Еуропада керосин 6 айға ғана жетуі мүмкін. Бұл туралы Халықаралық энергетика агенттігінің атқарушы директоры Фатих Бирол мәлімдеді. Жағдай өзгермесе, әуе рейстерін жаппай кейінге шегеруге тура келеді.
«Ормуз бұғазы арқылы әлемдік ұшақ жанармайының 40 пайызы өтеді» деп жазады «Файнаншәл Таймс». Ал әуежайлардың халықаралық кеңесі «Кәрі құрлықтағы» кей елдерде 10 күнге ғана жететін керосин қалғанын ескертіп жатыр.
Фатих Бирол, Халықаралық Энергетика агенттігінің атқарушы директоры:
- Біз қазір тарихта бұрын-соңды болмаған ең үлкен энергетикалық дағдарысты бастан кешіріп жатырмыз. Егер Ормуз бұғазын аша алмасақ, соның салдарынан мұнай өңдеу зауыттары тоқтап қалса, онда А қаласынан Б қаласына ұшып жету мүлде мүмкін болмай қалады. Екінші мәселе, мұнай, газ, дизель отыны одан сайын қымбаттайды. Ормуз бұғазын әрі кеткенде мамыр айына дейін ашуға күш салуымыз қажет.