Қытай қоқысты кәдеге жаратып, табыс табады
Қытайда тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жүйесі қарқынды дамып келеді. Ірі мегаполистерде бір адам күніне орта есеппен бір келіден астам қоқыс шығарады.
Билік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы қоршаған ортаның ластануына жол бермейді. Ал тұрғындар қоқысты өткізіп, табыс табуда. Ол үшін арнайы смарт-технологиялар қолданылады.
Қытайдың Ханчжоу қаласында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау тұрғындардың күнделікті дағдысына айналған. Мұнда қоқыс ақылды контейнерлерге салынады. Тұрғындар оларды арнайы мобильді қосымшаның QR-кодын сканерлеп, ашады. Содан кейін оларға қағаз, пластик, киім немесе тағам қалдықтарын бөлек-бөлек салады. Жүйе тасталған қалдықтарды автоматты түрде өлшеп, әр келісіне шамамен 12 цент төлейді.
Юань Мэйжун, Ханчжоу қаласының тұрғыны:
- Бұл контейнерлерді пайдалану өте оңай. Үйде жиналған қағаз бен бөтелкелерді әкеліп өткіземін. Аз да болса ақша түседі. Ең бастысы қалдықтар босқа кетпей, қайта өңделеді.
Алғашқы құрылғылар 2024 жылы іске қосылған. Қазір Ханчжоу қаласында 870 ақылды контейнер орнатылған. Жобаны қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын технологиялық компания әзірледі. Бірлестіктің мәліметінше, бүгінде қалдықтың 99 пайызы сұрыпталады. Ай сайын шамамен мың тоннаға жуық қоқыс қайта өңдеуге жіберіледі. Контейнер толған кезде арнайы сенсорлар белгі беріп, ондағы заттар автоматтандырылған орталықтарға жеткізіледі. Ол жерде олар 80-нен астам санатқа бөлініп, қайта өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіледі.
Чжан Исян, компания өкілі:
- Қазір жүйе Қытайдың 38 қаласында жұмыс істейді. 50 мыңнан астам ақылды контейнер орнатылған. Осы уақытқа дейін шамамен 2 млн тонна қалдық қайта өңделді. Жүйені 30 млн-нан астам адам пайдаланады.
Елде тұрмыстық қалдықтармен қатар ескі техника мен жиһазды қайта өңдеуге арналған қызметтер де кең тараған. Кейбір компаниялар оларды тұрғындардың үйлерінен тегін алып кетеді. Экология министрлігінің дерегінше, кейінгі бес жылда қоршаған ортаға бөлінетін зиянды шығарындылар көлемі айтарлықтай азайған. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 35 пайызға дейін қысқарту көзделіп отыр.
Авторы: Динара Қуандыққызы