Түркиядағы атыс қоғамды алаңдатты
Түркия білім беру орындарында қауіпсіздік шараларын күшейтті. Оған осы аптада Шанлыурфа және Кахраманмараш провинцияларындағы мектепте болған қарулы шабуыл себеп.
Анадолы елінің ұстаздары бірнеше күннен бері шеруге шығып, қолданыстағы заңнамаға қарсылықтарын білдіріп жатыр.
2026 жылдың 14 сәуірі. Түркияның Шанлыурфа провинциясына қарасты Сиверек ауданындағы мектепте алғашқы атыс тіркелген күн. Оқиға таңғы 09:30 шамасында болған. Шабуылды ұйымдастырған мектептің бұрынғы оқушысы. Атыс салдарынан бір адам қаза тауып, тағы 16 кісі жарақат алған.
Ертеңіне Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында қанды оқиға тағы қайталанды. Бұл жолы 8-сынып оқушысы мектеп ғимаратына баса көктеп кіріп, қарсы кезіккендерге оқ жаудырған. Салдарынан бір мұғалім мен 8 оқушы қаза тапты. Оннан астам адам зардап шеккен. Екі күн қатарынан тіркелген бұл қайғылы оқиғалар қоғамды дүр сілкіндірді. Білім мен үміттің мекені саналатын мектеп, бір-ақ сәтте үрей мен сенімсіздіктің көлеңкесіне айналды. Содан бастап ел ішіндегі алаңдаушылық ашық акцияға ұласты. Түркияның бірнеше қаласында мұғалімдер көшеге шығып, білім ордаларының қауіпсіздігін талап етті.
Бұл шерулердің астарында ашу емес, алаң бар. Қорқыныш емес, жауапкершілік бар. Билікке сенімі сетінеген мұғалімдер жүйенің әлсіз тұстарын осылай жеткізуге мәжбүр болған.
Кемал Ырмак, кәсіподақ ұйымының төрағасы:
- Біз мұнда тек қайғыны бөлісу үшін емес, нақты өзгеріс талап ету үшін жиналдық. Мектептегі қауіпсіздік мәселесі Түркиядағы ең өзекті проблема. Біз әр бала үшін тең мүмкіндік беретін, қолжетімді қоғамдық білім жүйесін қалаймыз.
Осы оқиғалардан кейін кейбір білім беру мекемелерінде оқу процесі уақытша шектелді. Ал кейбірінде сабақтар әлі де жалғасып жатыр. Дегенмен барлық жерде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, ішкі бақылау жүйесі қатаңдатылған.
Айна Түркан, мектеп директоры:
- Бізде басты мақсатымыз – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сол үшін барлық ішкі бақылау күшейтілді, оқу процесі тоқтаған жоқ. Күнделікті таңертең балаларды мектепке сөмкесін тексеріп кіргіземіз.
Десе де ата-аналардың үрейі әлі де сейілмей тұр. Қала тұрғыны Мұрат Элмалының қызы 6-сыныпта оқиды. Кейінгі күндері болған қайғылы жағдайдан кейін баласын мектепке жалғыз жібергісі жоқ.
Мұрат Элмалы, ата-ана:
- Оқиға бізді қатты шошытты. Бұрын қызым мектепке өзі барып-келетін. Қазір жалғыз жібермеуге тырысамын. Менің ойымша, мұндай жағдай отбасынан басталады. Балаларда кінә жоқ, олар көбіне көргенін қайталайды. Ата-ана жауапкершілікті дұрыс сезінсе, бала мұндай әрекетке бармас еді.
Қоғамды дүр сілкіндірген оқиғаға қатысты әлеуметтік желілерде жалған ақпарат жиілеп кетті. Ішкі істер министрлігі дүрбелеңді күшейткен мәліметтерге қатысты 200-ге жуық адамның ұсталғанын хабарлады. Ал ұлттық білім министрлігі білім беру орындарындағы қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауға алынғанын мәлімдеді. Сондай-ақ цифрлық қауіпсіздікке ерекше назар аударып, балаларды интернеттегі зиянды контенттен қорғау тетіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Дегенмен сарапшылар мәселені тек техникалық қауіпсіздікпен шектеу жеткіліксіз екенін айтады.
Мұстафа Кемал Жошкун, әлеуметтанушы:
- Психологиялық тұрғыдан негізгі себеп – баланың өзін жалғыз сезінуі, шеттетілуі. Мұндай жағдайға компьютер ойындары тікелей себеп бола алмайды. Басты фактор – отбасы мен мектептегі назардың жетіспеуі, әлеуметтік оқшаулану.
Мәселенің астары тереңде жатыр. Қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік, сенімнің әлсіреуі, адам мен жүйе арасындағы алшақтық араздыққа әкеп соқтырады. «Психологтар мұның алдын алу үшін тек педагогтарды емес, ата-аналарды да тәрбилеік және психологиялық тұрғыдан оқыту қажет», - дейді.
Илкай Марангоз Никбай, психолог:
- Бала тәрбиесі – тек мектептің емес, отбасы мен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Мысалы, біз тек педагогикалық біліммен шектелмейміз. Арнайы қауіпсіздік және психологиялық дайындықтан өтеміз. Бұл баланың мінез-құлқындағы қауіпті белгілерді ерте байқауға көмектеседі. Дәл сол сияқты ата-аналарды да психологиялық әрі қауіпсіздік тұрғысынан оқыту керек деп ойлаймын.
Отбасы, мектеп, қоғам. Осы үш институт өзара үйлесімде болса, үйде де, түзде де бала әбес әрекетке бармайды. Ал қандай да бір әлсіздік тұтас жүйеге әсер етеді. Сарапшылар осындай пікірде. Ал билік өкілдері әзірге басты назарды қауіпсіздік шараларын күшейтуге аударып отыр.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков