Тері обырының алдын алуға жасанды интеллект көмектеседі

Швециядағы Гётеборг университетінің ғалымдары осылай дейді. Мамандар: «Арнайы алгоритм қатерлі ісікті алғашқы белгілері пайда болмай тұрып анықтайды» деп отыр.

Зерттеушілер медицина саласындағы ғылыми жетістікке қалай қол жеткізді? 

Швециялық Гётеборг университеті ғалымдары жергілікті клиникаларда ем алған 6 млн науқастың денсаулығына қатысты мәліметтерді жинап, талдаған. Жасы, жынысы, аурудың белгілері, тіпті қабылдаған дәрілерін саралап, арнайы алгоритм ойлап тапқан. Зерттеушілердің сөзіне қарағанда, енді жасанды зерде жүйесі арқылы тері обырына шалдығу қаупін 5 жыл бұрын болжауға болады. 

Мартин Гиллстедт, Гётеборг университетінің докторанты:

- Біздің зерттеу денсаулық сақтау жүйесіндегі бұрынғы деректердің көмегімен меланома қаупі жоғары науқастарды алдын ала анықтауға болатынын көрсетті. Жаңа технология медициналық мекемелерде қолданысқа әзірге енгізілген жоқ. Бірақ бұл мәселе көп ұзамай шешіледі деп ойлаймын.

Ғалымдар зерттеуде 2005 пен 2014 жылдар аралығында сау адаммен мен тері обырына шалдыққандардың мәліметтерін қолданған. Таң қаларлығы сол, жасанды интеллект уақыт өте келе кімге қатерлі ісік диагнозы қойылғанын дәл тапқан. зерттеушілердің айтуынша, диагностиканың дәлдігі – 73 пайыз

Сэм Полези, ғылыми зерттеу жобасының жетекшісі:

- Қауіп тобына кіретін адамдарды анықтау дәрігерлерге оларды уақытында тексеруге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл скринингті нақты жоспарлап, денсаулық сақтау ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашады.

Еуроодақта тері обырына шалдыққандар көрсеткіші – 4 пайыз. Бұл алаңдатарлық жағдай. Ал дерттің ерте анықталуы, нәтижелі емге себеп. «Бұл арада жасанды интеллектінің көмегі зор», - дейді ғалымдар.

Авторы: Зайнұр Байжігіт