АҚШ-Иран келісімі қыл үстінде тұр
АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келісім қыл үстінде тұр. Бүгін Исламабадта келіссөздің екінші кезеңі өтеді деп жоспарланған еді.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен Дональд Трамптың бейбітшілік жөніндегі өкілі Джаред Кушнер бастаған делегация Пәкістан астанасына жетіп те қойды. Алайда Иран кездесуге қатысудан бас тартып отыр. Бұл туралы елдің сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Эсмаил Багаи мәлімдеді. Axios сарапшыларының айтуынша, Ислам республикасы бейбіт бітім жолындағы келіссөзді Ақ үйдің айласы деп есептейді. Осы арқылы Вашингтон кенеттен шабуыл жасауы мүмкін деп қауіптенеді.
Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздер тығырыққа тірелді. Ислам мемлекеті мәмілеге келуге күдікпен қарай бастады. Бұған АҚШ-тың Ормуз бұғазындағы Иран порттарын бұғаттап тастауы себеп. Оның үстіне кеше Құрама Штаттардың әскери-теңіз күштері Оман шығанағында Тегеранға тиесілі жүк кемесіне шабуылдады. Осыдан кейін жағдай одан әрі ушыққан. Иран бірден «АҚШ атысты уақытша тоқтату туралы режимді бұзды» деп айыптап, «бұл әрекет жауапсыз қалмайды» деп ескертті. Ал Трамп «бұл жолы Иран келісімге келмесе, елдегі энергетикалық инфрақұрылымдар мен ірі көпірлердің күлін көкке ұшырамын деп сес көрсеткен. Айта кету керек, Тегеран Вашингтонның басты талаптарының бірі – байытылған уран қорын беруден түбегейлі бас тартты. Демек әскери операция қайта жандануы мүмкін.
Эсмаил Багаи, Иранның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы:
- АҚШ-тың бейбіт бітімді бұзып отырғанын байқаймыз. Бұл Құрама Штаттардың дипломатиялық процесске шынайы байыппен қарамайтынын көрсетеді. Қандай ұсыныстар біз үшін басымдыққа ие, ал қайсынан бас тарту қажеттігін жақсы түсінеміз. Кей мәселелер бойынша әу баста келісімге келе алмайтынымызды ескерткен болатынбыз. Вашингтон қысым көрсеткенімен, біздің ұстанымымыз өзгермейді.
Доллар құлдырап барады
Иран Ормуз бұғазын қайта жапқалы мұнай бағасы шарықтап шыға келді. Қара алтын құны 7%-ға қымбаттаған. Бүгінде Брент маркалы мұнайдың баррелі 95, ал Дабл-ю-ти-ай 87 доллардан саудаланып жатыр. АҚШ долларының индексі бір айдың ішінде 1,54%-ға құлдырады. Бұл – соңғы алты аптадағы ең төменгі көрсеткіш. Шикізат негізінен америкалық валютамен бағаланады. Сондықтан оның құлдырауы шетелдік инвесторлар үшін тиімді. Осының нәтижесінде сұраныс артып, мұнай қымбаттайды. Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнайдың 20%-ы тасымалданатынын ескерсек, су жолының қайта-қайта жабылуы энергетика дағдарысын күшейтеді.
Йохен Штанцль, Consorsbank нарығының бас сарапшысы:
- Жағдай күрделеніп барады. Ормуз бұғазының әрі кетсе екі ай жабық тұруына төтеп бере алармыз. Бірақ 3-4 айдан кейін тыңайтқыштар, гелий, керосин, жалпы отынға қатысты мәселе ушығады. Тараптардың бітімге келе алмауына нарық шын мәнінде дайын емес.
Ливан-Израиль бітіміне қауіп төнді
Айта кетейік, Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздердің бірінші кезеңі Пәкістан астанасында 11 сәуірде өткен еді. Алайда тараптар айтарлықтай нәтижеге келе алған жоқ. Ал атысты уақытша тоқтату режимінің мерзімі ертең аяқталады. Бірақ әрі қарай не болатыны белгісіз. Диалогтың алға жылжымауы Израиль мен Ливан арасындағы 10 күндік бітімге де қауіп төндіріп тұр. Бұған дейін Тель-Авив соғыс қимылдарын уақытша доғаруға келіскенімен, Израил әскері оңтүстік Ливанда қалды. Тіпті уақытша бітімге қарамастан, Әл-Хиам мен Дбейбин қалаларына шабуыл да жасалған. Ливан билігі бір кездері үйін тастап, бас сауғалауға мәжбүр болған азаматтарын үйлеріне қайтпауға шақырды. Себебі бейбіт бітімнің болашағы бұлыңғыр.
Авторы: Мөлдір Жақан