Таяу Шығыста теңізшілерге қауіп-қатер күшейді

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы әлемдік сауданың берекесін қашырды.

Алыс-беріс кідіріп, жүк тасушы кемелер шабуылға ұшырады. Бұл арада теңізден нәпақа тауып жүрген теңізшілердің де өмірі қиындап барады.  Халықаралық теңіз ұйымының дерегіне сүйенсек, қазір Парсы шығанағанда қайырлап тұрған 2 мыңға жуық кемеде 20 мыңдай теңізші бар.

Бұл Ирак азаматы, капитан Рахман Әл-Жубури. Қазір оның экипажы Аден шығанағынан Оман шығанағына қарай Йемендегі Рас-Иса портына мұнай түсіру үшін бағыт алып барады. Алайда бұл сапардың тәуекелі жоғары. Танкер тосыннан шбауылға ұшырауы мүмкін. Өйткені қазір Баб-эль-Мандеб пен Ормуз бұғазының маңындағы қауіп күшеймесе, сейілген жоқ, дейді. 

Рахман Әл-Жубури, кеме капитаны:

- Біз барлық кіретін порттарымыздан қажетті азық-түлік пен керек-жарақтарды алып отырмыз, сондай-ақ әдеттегідей минералды сумен де қамтамасыз етілгенбіз, ештеңеден тапшылық көріп отырған жоқпыз. Мұндай жағдайға толықтай бейімделдік десе де болады. Дегенмен, қазір жағдай тұрақсыз. Әр қозғалысымызды аңдап баспасақ, тұтқиылдан шабуылға тап болуымыз ғажап емес. 

42 жыл кеме тізгіндеген капитан мұндай жағдаймен бірінші рет ұшырасып отырған жоқ. Былтыр кемесіне Йемен портында тұрғанда оқ атылған. Экипаж дер кезінде әрекет етіп, айлақтан алыстауға тырысады. Десе де, барлығы басын қатерге тігуге дайын емес. Аймақтағы ахуал күн санап ушыққан сайын, қызметкерлер жұмыстан кетуге мәжбүр. Әуелде экипаж мүшелерінің саны 27 болса, қазір 17 адам қалған. 

Рахман Әл-Жубури, кеме капитаны:

- Кеме шабуылға ұшырыған жағдайда, құдай бетін әрі қылсын, экипаж қалай әрекет ету керектігін біледі. Арнайы дайындықтан өтіп, машықтанады. Алайда мұндай қауіп-қатерге төтеп беру оңай емес. Менің теңізде жүргеніме 4 айға жуықтады. 

Экипаж саны азайғасын, қалған адамдарға түсетін жүктеме көбейеді. Әрі психологиялық тұрғыдан теңізде ұзақ уақыт қалған адамның денсаулығы сыр беруі мүмкін. Халықаралық теңіз еңбегі туралы конвенция бойынша, теңізші кеме бортында үзіліссіз ең көбі 11 ай бола алады. Осы мерзімнен кейін компания оны елге қайтаруға міндетті.

Фариза Жанғанаева