Орманды қалай сақтап қалуға болады?

Жер шарындағы тұрмыс заттарының 4/1-і ағаштан жасалады. Былтыр әлемде шамамен 490 млрд долларға ағаш пен қағазы саудаланған.

Алдағы 25 жылда бұл нарық 32%-ға ұлғаяды деген болжам бар. Бұл цифрландыру жаппай енгізіліп жатқанмен табиғаттан алшақ кетпейміз деген сөз. Енді сұраныс артса, орманды қалай қорғап қалмақпыз? Жалпы сусыз әлемде ағаш өсуі мүмкін бе?!

АҚШ ғалымдары өсімдіктердің генетикалық кодын зерттеуге көшті. Мұның қандай пайдасы бар? Тығырықтан шығар жол осы ғана ма? 

Өсімдіктер мен жануарларға төнген қауіп бір кездегі динозаврлардың жойылып кетуі іспетті жағдай. Бұл БҰҰ-ның мәлімдемесі. Бұрын табиғи сұрыпталу бойынша әлемдегі биологиялық түрлердің 4/1 бөлігі 3 млн жылда жойылып отырса, қазір бұл мерзім онжылдықтарға дейін қысқарған. Мамандар осылай кете берсе, бір ғасыр ішінде Жер бетінен 1 млн өсімдік мен жан-жануар жоғалады деп топшылайды. 

Америкалық ғалымдар бұл проблеманы шешу үшін генетиканың көмегіне жүгінді. Яғни климаттың өзгерісіне төзімді өсімдік түрлерін анықтап жатыр. «Оларды көбейту арқылы табиғаттың тепе-теңдігін сақтай аламыз», - дейді. 

Тодд Майкл, Солк биологиялық зерттеулер институтының профессоры:

- Әр өсімдіктің «ішкі коды» бар. Бірі ыстыққа, бірі суыққа төзімді болуына көмектеседі. Біздің мақсат сол гендерді анықтау. Генетикалық кодты зерттеу арқылы ормандардың әртүрлігін және генетикалық тұтастығын сақтауға болады. 

Ғалымдар зерттеуін зерттеп, жоқтан бар жасағанмен енді мұны іске асыруға ақша жоқ. Мәселен, Секвойя ағашының құрғақшылыққа төзімді генетикасын анықтауға қатысты зерттеу жұмыстары жол ортадан тоқтап тұр.

Ал қылқан-жапырақты орман онсыз да түгел жойылып кеткелі тұр. Өйткені осыған дейін 95 пайызы оталған. 

Орманды отамай өмір сүруге бола ма?

Индонезияда ағаш кесуге қарсылық күшейді. «Өйткені ормандар сиреп барады», - дейді табиғат жанашырлары. Былтыр Индонезияда 400 мың гектар орман алқабына балта шабылған. Бұл Нью-Йорк қаласынан 5 есе үлкен аумақ.  Яғни 2025 жылы орманның жойылу көрсеткіші 66 пайызға артқан. Таң қаларлығы, бұл заңды түрде жасалып отыр. Яғни мемлекеттік ірі жобаларды желеу еткендер ағаштарды жаппай отап жатыр. «Әрине, пальма плантациясы, кәсіпорындар керек. Алайда жасыл желекті айналып өту керек. Жаппай кесуге тыйым салу қажет», - дейді индонезиялық экологтар. Рейтер агенттігінің дерегі бойынша, биыл Индонезияда азық-түлік пен энергетика бойынша жобаларды жүзеге асыру үшін қосымша 20 млн гектар жер бөлінеді. 

Дедди Сукмара, Экологиялық талдау орталығының директоры:

- Біріншіден, заңды күшейту керек. Рұқсат бар деп, ағашты кесе беруді тоқтатуға тиіспіз. Екіншіден, бизнесмендерге орманды отау емес, сақтау арқылы пайда табуды міндеттеу қажет.

Орман өртінің алдын алуға ЖИ көмектеседі

АҚШ-та даладағы өртті жасанды интеллект анықтайды. Яғни ормандарды дрондар күзетеді. Заманауаи технологияны Клемсон университетінің ғалымдары жасаған. Нейрожелі негізінде жұмыс істейтін ұшу аппараты от шыққан бетте байқап үлгереді. «Бұл өрт сөндірушілердің жедел қимылдауына мүмкіндік береді», - дейді ғалымдар. Мамандардың да жұмысы жеңілдейді. Күніне бірнеше шақырым жаяу жүріп, сағаттап орман араламайды. Заманауи технология уақыт пен қаражатты да үнемдейді. 

Фатима Афгах, Клемсон университетінің доценті:

- Дала өрті туралы әдетте кеш біліп жатамыз. Мәселен, орманға найзағай түссе, жер серігі мұны бірнеше сағаттан кейін ғана тіркейді. Ал өртті алғашқы минуттарда сөнідіру үлкен маңызға ие. Заманауи технология инфрақызыл сәулелі камералар мен мультиспектральды сенсорлар негізінде жұмыс істейді. Жасанды зерде ақпартты өңдеп, жылдам шешім қабылдауға көмектеседі. 

Адам баласы орманмен бірге тыныстап тұр. Бұл материалдық ресурс көзі қағаз, тамақ, жиһаз, тіпті дәрі дәрмек те жасыл желектің жемісі. Таза су, таза ауаның да сүзгісі орманды алқаптар. Нуы бар жердің суы да мол. Алайда табиғаттың осы бергенін адамзат тек игілікке, рәсуасыз жұмсауға тиіс. Астанада өтіп жатқан экологиялық самииттің де бір айтпағы осы.