Арабтың көлік бизнесі тоқтап тұр

Арабтың әйгілі автокөлік бизнесі тұралай бастады.

Логистика қиындап, үйреншікті тасымал жолдары жабылып жатыр. Ормуз бұғазы маңындағы шиеленіс әмірлікке АҚШ, Еуропа және Жапониядан жеткізілетін импорттық тауарды тежеп тастады. Тіпті ебін тауып, ескі темір тұлпарларды қайта кәдеге жаратып жүргендер де дағдарып қалды. Өйткені сауда жоқ. ТМД елдерімен кеме қатынасы кілт тоқтаған.

Бұл тұтас Таяу Шығысқа танылған ең ірі көлік базары. Қыруар қаржы айналып жатқан нарық. Теңізге шығар тікелей дәліздің арқасында арабтар мұнда АҚШ, Еуропа және Жапониядан күніне жүздеп, мыңдап көлік әкеліп, ТМД және Африка елдеріне қайта экспорттайды. Сөйтіп, қыруар пайдаға кенеледі. Бірақ қазір жағдай өзгерген. Өңірдегі шиеленістен кейін бұл бизнес біршама бәсеңдеп қалды.

Теймур Хан, аукцион менеджері:

- Сауда-саттық алдағы уақытта бұған дейінгі деңгейіне келеді деген үміттеміз. Кіріс бұрынғыдай мөлшерде көп болмаса да, бар. Ғаламдық дағдарыс бұл бизнеске біршама зиянын тигізді. Себебі барлық процесс теңіз тасымалымен тікелей байланысты еді.

Аптасына үш мәрте өткізілетін бәссауда алаңында кісі қарасы әдетте кешкі уақытта көбейеді. Күндіз мүлгіген тыныштық орнайды. Кәсіп иелерінің айтуынша, соғыс нарыққа едәуір әсер еткен. Өйткені елге келетін кемелер қатынасы тежеліп, ТМД-дан сатып алушылар қарасы сиреген. Бірақ әмірліктің өзінде темір тұлпарлар бағасы төмендеп, жергілікті тұтынушыларға қолайлы ахуал қалыптаса бастады. 

Мохаммед Мәмлүк, бөлшек заттар сатушы:

- Біз бөлшек заттар сатумен айналысамыз. Дүкен соғыс уақытында да жабылған жоқ. Келушілер бар. Тек тасымал бағыттарына аздаған өзгеріс енді. Оны айтпай кетуге болмайды. 

Бизнес өкілдері ебін тауып, ескі көліктер саудасын қалпына келтіруге ниетті. Ол үшін қымбат болса да жаңа логистика бағыттары тәжірибеде сыналып жатыр. Біршама жүк Сауд Арабясы, Ирак, Сирия шекарасы арқылы Түркия және Грузияға жөнелтілген. Содан кейін ТМД нарығына жол тартуы тиіс.

Жасұлан Оспанов, кәсіпкер:

- Баға бұрын 2 мың доллар болса, қазір 4 мың долларға дейін барады. Көлік көп. Бұл жерде жұмыс тоқтаған жоқ. Арғы жақта атыс болып жатса, бұл жерде жұмыс қызу жүріп жатты. 

Дубай мен Шарджа тұрғындары үшін ескі көлік саудасы жылдар бойы қыруар табыс көзі болып келді. Нарық мүмкіндігі былтыр 20 млрд доллардан асты. 2030 жылға қарай үкімет оның мөлшерін екі еселеуді көздеп отыр. Тіпті аукцион алаңы кеңейтіліп, теңіз айлақтарының маңына жаңа көлік базарын салу жобасы қолға алынған. Енді бұл жоспарға өзгеріс енуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы қалпына келмесе, көліктерді қайта экспорттау бизнесі бәсеңдей бермек. 

Рауан Мыңбай