Сал адамға көмектесетін компьютер

Қытайлар адамға арналған «инвазивті ми-компьютердің» жаңа түрін ойлап тапты.

Жүйе сал ауруына шалдыққан науқастарға ми сигналдары арқылы қимыл қозғалысты қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Ұзақ уақыт зерттеуде болған жоба қолданысқа енді. Қытай ұлттық денсаулық сақтау басқармасы медицина құрылғысын нарыққа шығаруға рұқсат етіп отыр.

Қытай ғалымдары бұл жобаға ерекше мән беріп отыр. Өйткені елде сал боп қалған адам көбейіп кеткен. Статистикаға сәйкес жыл сайын ауруханаларға жұлыны зақымданған 90 мың адам түседі. Қазір мұндай науқастардың жалпы саны 3 млн 740 мыңнан асып кетті. Бұл қытай қоғамында өзекті мәселеге айналған.

Чэнь Лянь, Хуашань ауруханасы нейрохирургиялық бөлімшесінің жетекшісі:

- Қытайда жұлыны зақымданып, сал болып қалған адамдардың саны көбейіп барады. Жыл сайын 90 мың жаңа пациент тіркеледі. Бұл дегеніңіз әр сағат сайын 10 адам жұлын жарақатымен емханаларға түседі деген сөз. Ал әлем бойынша мұндай науқастардың саны 15 миллионға жетті. Олардың 70 пайыздан астамы 50 жасқа толмаған азаматтар.

Инвазивті ми-компьютер. Бұл не және қалай жұмыс істейді? Заманауи технология аяқ-қолы жұмыс істемейтін науқастарды қимылға келтіре алады. Ерекшелігі ми сигналдарын қабылдап сол мезетте талдау жасайды. Дәрігерлердің айтуынша құрылғы қауіпсіз. Ол мидың нәзік талшықтарына тимей-ақ, санадағы импульстер арқылы адамды қозғалтады. Мұндай ми-компьютерлер әлемнің бірқатар мемлекеттерінде жүзеге асырылуда. Бірақ зертхана деңгейінде ғана қалып отыр. Ал қытайлар бұл жүйені жаппай өндіріп, алғаш рет нарыққа шығаруға рұқсат берді.

Пэн Лян, Қытайдың Ұлттық денсаулық сақтау басқармасы бағалау бөлімі директорының орынбасары:

- Бұл медициналық құрылғы «имплантацияланатын ми-компьютерлік интерфейс жүйесі» деп аталады. Ол омыртқасының мойынбөлігі жарақаттанған адамдарға аса қажет. Жұлын зақымдалғанда мидан денеге келетін сигналдар үзіледі. Соның салдарынан қозғалыс пен сезімталдық жоғалады. Аппарат дәл осындай сал боп қалған адамдарға түрлі затты өз қолымен алып, ұстау қабілетін қалыпқа келтіре алады.

«Ми-компьютердің» қытайлар жасаған нұсқасы әлем елдерін дәлдігімен қызықтырып отыр. Әсіресе Еуропа мен Оңтүстік-шығыс Азия елдері импорттауға ниетті. Алайда сұраныс көп болғанымен Қытай оны сыртқы нарыққа шығаруға асығар емес. Себебі ел үкіметі жергілікті медицинада енді-енді қолданыла бастаған құрылғыны стратегиялық өнім қатарына жатқызып отыр.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы