Ірі ядролық қалдықтар қоймасы ашылады

Климат өзгерісі әлемде әлек тудырды.

Адамның қолы ұзарып, өркениет алға басқанмен табиғат күпті. Күн мен жел энергиясы зиянсыз десекте әзір шығынсыз емес. Сол себепті адамзат атом энергиясын тұтынғысы келеді. Бірақ бұл технологияға қоғамның пікірі екіұдай. Қалдықты қайда жібереміз? Қауіпсіздікке кім кепіл?  

Осы тұста Финляндия әлемдегі алғашқы ядролық қалдықтар қоймасын іске қоспақ. Ал қаңырап қалған Чернобыльде тіршілік қайта жанданып келеді.

Финляндияда әлемдегі алғашқы ядролық қалдықтар қоймасы іске қосылады. Бұл кешенде қауіпті радиоактивті қалдықтар сақталмақ. Құрылысы 22 жыл бұрын, яғни 2004 жылы басталған жобаның құны 1 млрд еуро. Қомақты қаражат жұмсалған нысанды 2120 жылдарға дейін пайдалану жоспары бар. Қоймада 6 500 тонна пайдаланылған ядролық отынды сақтауға болады. Қалдықтар 400 метрден астам тереңдіктегі тоннельдерге көміледі. Сосын суды сіңіретін бентонит балшығымен жабылады. Мамандардың айтуы бойынша, мұндай көму тәсілі жер үстінде сақтағанға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз.

Юха Аромаа, GREENPEACE FINLAND бағдарламасы басшысыынң орынбасары:

- Чернобыль мен Фукусима апаттарына куәміз. Сондай-ақ ядролық қалдықтар бар. Біз қазір осы мәселені шешуге бір қадам жақындай түстік деп ойлаймын. Өйткені әзірге бұл мәселені шешуге бағытталған нақты жобалар жоқ.

Халықаралық атом энергиясы агенттігінің дерегіне сүйенсек, 1950 жылдардан бері шамамен 400 мың тонна пайдаланылған ядролық отын өндірілген. Оның үштен екісі уақытша қоймаларда сақталса, қалған бөлігі күрделі технология арқылы қайта өңделеді. Қазірде пайдаланылған ядролық отын реакторлар жанындағы арнайы су бассейндерінде және жер үстіндегі құрғақ контейнерлік қоймаларда сақталады. 

Әлем АЭС-ке бет бұрды

Қазір әлемде 70 жаңа ядролық реактор салынып жатыр. Ал қолданыста 400-ге жуығы бар. Соның ішінде 94-і ядролық энергия өндіруден көшбасшы АҚШ-та орналасқан. Сондай-ақ бұл ел 2050 жылға қарай өндіріс көлемін төрт есе арттырмақ. Қытай да энергия тұтынудың өсуі аясында қазба отынына тәуелділікті азайту үшін жаңа реакторлар салып жатыр. Қазір бұл елде 61 ядролық реактор жұмыс істеп тұр, тағы 40-қа жуығы құрылыс сатысында. Ал Франциядағы 19 АЭС-те 57 реактор бар, бұл елдің электр энергиясына деген сұранысының 70%-ын қамтамасыз етеді. Ал Ресей өз технологиялары мен ноу-хауларын экспорттап, бүкіл әлем бойынша, соның ішінде Еуропада 20 АЭС салып жатыр. 

Финляндия 

Паси Туохимаа, Posiva Oy қоғаммен байланыс менеджері:

- Қазір әлемде атом энергетикасының өзіндік бір жаңа кезеңі байқалып отыр. Бұл әлемдік энергетикалық дағдарысқа және басқа да көптеген факторларға байланысты. Сондықтан көптеген елдер қазір өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатын деңгейге жетуді, өзін меншікті электр энергиясымен жабдықтауды және өзгелерге тәуелді болмау жолдарын жоспарлап жатыр. 

Чернобыльде табиғатқа жан бітті

Біз тарихтан Чернобыль апатын білеміз. Адам аяғы басқысыз, "өлі аймақ" атанған жерде қазір тіршілік қайта жанданып жатыр. 40 жыл бұрын бұл жерге адамдардың тұруына, коммерциялық қызметке, табиғи ресурстарды өндіруге тыйым салынған. Қазір бұл аумақта ірі сүтқоректілердің популяциясы мекендейді. Кейінге зерттеулерге қарағанда, қасқыр, түлкі, еуропалық сілеусіндер, бұландар мен жабайы қабандардың саны айтарлықтай артқан. Аюлар мен еуропалық бизондар қайта оралған. 1998 жылы түрді сақтап қалу эксперименті аясында жерсіндірілген Пржевальский жылқылары да бар. Қазір олардың саны 150-ден асқан. Тіпті әлемдік деңгейде жойылып кету қаупі төнген қыран құстың түрлері қайта оралған. Ал кей жануарлар радиоактивті ортаға бейімделген. Мысалы, бақалар түсін өзгерткен.

ЦИТАТА: 

Апаттан кейін иесіз қалған үй иттері жабайы жануарларға айналды. Олар эволюция барысында ит популяцияларынан генетикалық тұрғыдан ерекшелене бастады. Ал кейбір түрлердің көбею қабілеті төмендеп, мутация жиілігі артқан. Бұл жануарлардың организмінде өзгерістер бар деген сөз.

THE CONVERSATION 

Чернобыль мен Фукусима апаттарынан кейін бірқатар ел өздерінің ядролық бағдарламаларын жауып тастады. Италия, Германия және Австрия оны пайдалануға толықтай тыйым салды. Сол кезде Еуропаның жалпы энергиямен қамтамасыз етуіндегі атом энергетикасының үлесі 15%-ға төмендеген. Алайда қазір Еуропалық Одақ АЭС құрылысына қарағанда арзанырақ әрі жылдамырақ балама ретінде шағын модульдік реакторларды енгізу мүмкіндігін қайта қарап жатыр.