АҚШ пен Иран келіссөзі тығырыққа тірелді

АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт бітім тығырыққа тірелді. Пәкістандағы келіссөздің екінші кезеңі өтпей қалды.

Иран Сыртқы істер министрі қазір Мәскеуде жүр. «Рейтердің» хабарлауынша, ол Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі. АҚШ президенті Дональд Трамп та келіссөздерге қатысты бастапқы пікірін өзгерткен. 

Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Ресейге табан тіреді. Ол осының алдында  Пәкістан мен Оманда болған.

Аббас Аракчи, Иран Сыртқы істер министрі:

- Қазір ресейлік достарымызбен кеңес өткізуге өте қолайлы кезең. Пәкістан да Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздерде маңызды рөл ойнап отыр. Америка шектен тыс талаптар қойып, теріс тәсілдер де ұстанып алған. Иран мен Оманның көзқарастары өте үйлесімді. Біз консультацияларымызды сарапшылар деңгейінде жалғастыруға қол жеткізе алдық.

Иранда қазір 60 пайызға дейін байытылған 440 келі уран бар. МАГАТЭ-нің мәліметі бойынша, бұл ядролық қару жасау үшін жеткіліксіз, бірақ техникалық қадамға жақын деңгей. Иран АҚШ-пен ядролық бағдарлама бойынша келіссөздер жүргізуге түбегейлі қарсы.

Ибрахим Азизи, Иран парламентінің спикері:

- Бізде америкалықтармен келіссөз жүргізуге мүлде ниет жоқ. Әсіресе ядролық бағдарлама мәселесінде сөйлескіміз келмейді. Біз уран байыту құқығымыз мойындалса, қабылданса дейміз. Біздің басты талабымыз осы. Кез келген соғыс аяқталады. Біз сионистік режим өз қылмыстары үшін жауап беруі керек деп есептейміз. Ормуз бұғазында әр кемеден алынатын алым біздің ұлттық валюта – риалмен төленуі қажет.

Иранның қарапайым тұрғындары текетірес тезірек аяқталып, бейбітшілік орнағанын қалайды. Алайда олардың да талабы бар.

Роша, Тегеран тұрғыны:

- Соғыс үлкен зардап әкелді. Көп адам нәпақасынан айырылды, өзім де жұмыссыз қалдым. Әрең жан бағып жүрміз. Түпкілікті бітім жасалса, жақсы болар еді. Алайда оған сенімім аз. АҚШ сөзін қайта-қайта өзгертіп жатыр. Оларға сенім жоқ.

Навид, Тегеран тұрғыны:

- Бұл соғыс бүкіл адамның жанына жарақат салды. Соғыс Иран халқының пайдасына шешіледі деген үміттемін. Қаншама көшбасшыларымыз бен сарбаздарымыз құрбан болды. Соғыс аяқталады, бейбітшілік орнайды, экономикамыз өркендейді деп сенемін.

АҚШ президенті Дональд Трамп «Фокс Ньюс» телеарнасына берген сұхбатында Иранмен келіссөздерге енді делегация жібермейтінін айтты. Ақ үй басшысы «Ирандықтар сөйлескісі келсе, олар енді бізге келсін немесе бізді шақыра алады» деп мәлімдеген.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Біз Пәкістанға келіссөзге бармадық. Бүкіл карта қазір біздің қолымызда. Исламабадқа келіссөзге барып-қайту үшін 15 сағат уақытымызды рәсуа қылғымыз келмейді. Иранның бізге кез келген уақытта қоңырау шалуына болады. Иранда ешқандай әскер қалмады. Олар көшбасшыларынан айырылды. Қазір олардың көшбасшылары кімдер екенін біз білмейміз, ешкім де білмейді. Олар билік үшін өзара қырқысып жатыр. Біз қазірдің өзінде жеңіске жеттік.

Трамп «Иран ядролық қаруға ие бола алмайды» деп қайталады. Ол Иранға ядролық қару мен бейбіт бітімнің арасында таңдау жасауды ұсынып отыр. 

Авторлары: Ернат Рахметолла