Баламалы энергия көздеріне сұраныс артты 

Энергияға сұраныс артты. Себебі технология қарыштап дамыды, халық саны көбейді. Енді күнкөріс үшін энергияға талас басталды. 

Әлділер талай айла-шарғы жасап, бергенді қолынан, бермегенді жолынан алуға тырысады. Энергия тапшылығы күрт артқан соң оны өндірудің өзге жолын іздеушілер де көп. Бұл амалдың жоқтығы ғана емес, сонымен бірге ғылыми техникалық революцияны да жеделдететін түрі бар.

Ормуз бұғазындағы кедергілер бір елге кесірін тигізсе, бір елге пайда. Мұнайға қараған әлем энергетикалық дағдарысты еңсеру үшін баламалы энергия көздеріне көшуді жеделдетті. Ember энергетикалық талдау орталығының мәліметіне сүйенсек, өткен айда Қытай 50-ден астам елге 68 гигаватт күн энергиясын экспорттаған. Сөйтіп былтырғы тамыз айынан бері көрсеткіш 50%-ға артып отыр. Күн панельдері, аккумуляторлар және электромобильдер экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70%-ға көп. Аккумулятор экспорты 10 миллиард долларға жетті. Әсіресе Еуропалық Одақ, Аустралия және Үндістаннан сұраныс жоғары. Сондай-ақ электромобильдердің де үлесі артып келеді. Былтыр электромобильдерге көшу мұнай тұтынуды 1,7 миллион баррельге азайтқан. Наурыз айында тоқепн жүретін қытайда жасалған тоқпен жүретін және гибридті көліктердің экспорты 140%-ға өсіп, жоғары көрсеткішке жетті.   

Уэсли Александр Хилл, Халықаралық салық және инвестиция орталығының өкілі:

- Жаһандық энергетикалық жағдайға тоқталсақ, қазір ол біршама тұрақсыз. Негізгі мәселе – Иран. Бұл елдегі ахуал және Ормуз бұғазының жабылуына байланысты әлемдегі күнделікті көмірсутегі ағындарының шамамен 20-30 пайызы тоқтап қалды. Алайда нарық үшін жақсы жаңалық – мұндай сценарий кейінгі 40 жыл бойы болжанып келді. Әлемдегі көптеген энергетика министрліктері мен әскери мекемелер бұл жағдайдың салдарын азайту жолдарын ұзақ уақыт бойы зерттеп, дайындалған. Сондықтан жақын арада энергия бағасы өсуі мүмкін, бірақ жаһандық нарықтағы тұрақсыздықты ретке клетіру үшін бірқатар шара іске қосылып жатыр.

Еуропада күн панельдеріне сұраныс жоғары

Еуропада тұрғындар тарапынан үйдің шатырына орнатылатын күн батареясына сұраныс күрт артқан. Электр энергиясы бағасының шарықтауы халықтың қалтасына салмақ салып тұр. Германия, Ұлыбритания және Нидерландта ақпан айының соңында соғыс басталғалы бері күн энергиясына сұраныс екі есе артқан. Алайда сарапшылар жаңартылған энергия көздері қажетті қуатпен толық қамтамасыз ете алмайтын алға тартады. Жүйені теңгеріп отыру үшін көбірек қоймалар мен желілік өткізу қабілеті қажет. Сондай-ақ әлем елдері қанша жерден жасыл қуат көздеріне бет бұрғанымен, қазба отынның орнын басатын энергия көзі жоқ деген пікірде. 

Крис Хокнелл, Eight Versa консалтингтік компаниясының тұрақты даму жөніндегі өкілі:

- Қазба отыны кешенді энергетикалық өнім. Сол себепті әлі де тәуелдіміз. Ол бойында энергияны ұзақ уақыт бойы сақтайды. Сондай-ақ біздің материалдық әлеміміздегі барлық дерлік заттарды: дәрі-дәрмектен бастап киім-кешекке дейін және күнделікті қолымыз тиетін барлық нәрсені өндіру үшін қолданылатынын есте сақтау маңызды. Оны қолдану аясы өте ауқымды. Осы тұрғыдан қарасақ, жаңартылатын энергия көздері қазба отынмен бәсекелесе алмайды.

Технология есебінен энергияға сұраныс артады 

2030 жылға қарай жасанды интеллект бүкіл әлем бойынша қазіргі Жапония тұтынатын энергиядан да көп энергия тұтынуы мүмкін. Қазірдің өзінде ірі компаниялар тәуекелді азайту үшін өздерінің жеке энергия көздерін іздей бастады. Мысалы, АҚШ-та Google компаниясы өз атом реакторын салуды жоспарлап отыр. Ал басқа жасанды интеллект компаниялары сұйытылған табиғи газ зауыттарын немесе энергия өндіру нысандарын сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл жалпы энергетикалық жүйе мұндай сұранысқа толық дайын емес екенін көрсетеді. Егер электр желілері жеткілікті икемді әрі қуатты болса, компаниялар жеке энергия жүйелерін құруға ұмтылмас еді. Бұл – жүйенің әлі де жетілдіруді қажет ететінінің белгісі.