Корея ғылым мен технологияны дамытуға 30 млрд доллар бөледі

Жасанды интеллект адамды жұмыссыз қалдыра ма әлде жұмыс тауып бер ме?

Оңтүстік кореялық ғалымдар "қорқатын түк те жоқ, жасанды зерде адамды байытпаса, аш қалдырмайды" деп сенеді. 

Сол себепті таңғы шық елі ғылыми зерттеулер мен жаңа технологияларды барынша қолдайды. Үкімет бұл салаға келесі жылға 30 миллиард долларға жуық қаржы бөлгелі отыр. Қаражат жасанды интеллектіні дамыту мен жартылай өткізгіштер өндірісі, аэроғарыш саласы, кванттық және биотехнология секілді жаңашыл бағыттарға жұмсалмақ.

Владислав Цой, тілші:

- Үкімет Оңтүстік Кореяны әлемдік көшбасшылар қатарына шығаруы тиіс 7 жаңа салаға басымдық беріп отыр. Олардың қатарында био және кванттық технологиялар, аэроғарыш саласы, мұхитты игеру, таза энергетиканы дамыту және өзге де бағыттар бар. Бірақ ел халқының саны жыл сайын азайып жатқан тұста бұл жоспарларды қалай жүзеге асыруға болады?

Министрлер кабинеті бастысы – сан емес, сапа дегенді алға тартуда. Келесі жылы кадр даярлауға, стартаптар мен таланттарды дамытуға шамамен 1 миллиард 350 миллион вон жұмсалады. Жас ғалымдардың тиімді жұмыс істеуі үшін бюрократияны азайтуға шешім қабылданды. Олар толтыруы тиіс құжаттар саны 93 пайызға – 2100-ден 154-ке дейін қысқартылды.

Чон Гон Ён, Корея ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технология министрлігінің бөлім басшысы:

- Әлемде зерттеушілері ең көп елдің бірі Корея. Бізде мың адамға шаққанда зерттеушілер саны дүние жүзі бойынша ең жоғары. Бірақ халық санының маңызы зор болғанымен, сапа шешуші роль ойнайды. Сондықтан негізгі міндет басым салаларда таланттарды тәрбиелеумен бірге мамандарға жағдай жасау деп ойлаймын.  

Корея үкіметі алдағы 4 жылда ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге мемлекеттік бюджеттен шамамен 150 миллиард доллар бағыттауды жоспарлап отыр. Басты  назар жасанды интеллектіге аударылады. Оны барлық салаға кеңінен енгізу көзделген. Келесі жылы бір ғана ЖИ-ге биылғымен салыстырғанда 70 пайызға артық, яғни 3 миллиард доллардан астам қаржы жұмсалмақ.

Пак Ин Гю, Корея ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технология министрлігінің басқарма басшысы:

- Жасанды интеллект жұмысшы мамандықтарынан бастап ой еңбегіне дейінгі саланың барлығында жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін. Дегенмен, еңбек өнімділігі артқан сайын жұмыссыздықтың өсуіне тап болуға да, не болмаса әр қызметкердің жұмыс уақытын қысқарту арқылы жұмысшылар санын сақтап қалуға да болады. Мәселен, сәрсенбіні демалыс күні етуге немесе тек сейсенбіден бейсенбіге дейін жұмыс істеуге болады.

Владислав Цой, тілші:

- Сеулде жасанды интеллектінің дамуы жаппай жұмыссыздыққа әкеледі деген болжамға күмәнмен қарайды. Олар бұл технология керісінше әлдеқайда көп жаңа жұмыс орынын ашады деп сенеді. Бұған мысал ретінде теледидар пайда болған кезде театрлар жойылады деген болжам айтылғанын, ал интернет пайда болғанда кітап басу кәсібі тоқырап, жабылып қалады деп болжанғанын еске салады. 

Авторлары Владислав Цой, Ольга Лян

Сондай-ақ оқыңыз: