АҚШ-та Трамп бейнесі бар арнайы төлқұжаттар шығарылмақ

Фото: x.com/statedep

АҚШ-та ел тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай қазіргі президент Дональд Трамптың бейнесі бар арнайы төлқұжаттар сериясы дайындалып жатыр.

 Мұндай құжаттар бастапқыда Вашингтонда беріледі, ал онлайн немесе басқа бөлімшелер арқылы рәсімделген жағдайда стандартты үлгі қолданылады.

Жаңа дизайнға сәйкес, төлқұжаттың ішкі бетінде Трамптың портреті мен алтын түспен жазылған қолтаңбасы орналастырылады. Ал артқы мұқабада америкалық суретші Джон Трамбуллдың «Тәуелсіздік декларациясы» туындысының үзіндісі бейнеленеді.

Билік өкілдерінің мәліметінше, бұл бастама елдің 250 жылдық мерейтойына арналған арнайы жобалар аясында қарастырылып отыр. Дегенмен мұндай төлқұжаттардың нақты саны әлі жарияланған жоқ.

Сонымен қатар мерейтой аясында АҚШ президентінің қолтаңбасы 100 долларлық банкноттарға енгізілуі мүмкін. Бұл соңғы 165 жылда алғаш рет қазынашылық қызметкерінің қолтаңбасының орнына президент қолтаңбасының қолданылуы болмақ.

Бұдан бөлек, АҚШ Бейнелеу өнері комиссиясы мерейтойға орай «Бостандық» (Liberty) жазуы бар, қазіргі президенттің үстел жанында жұдырығын түйіп тұрған бейнесі салынған 24 карат алтын монетаны шығаруды мақұлдаған.