Тарихқа жасалған қиянат
Вандализм ұғымы көне заманда пайда болды. Вандал тайпасы Римді басып, өнер туындыларын қиратады. Яғни бұл мәдени мұраны бүлдіру дегенді білдіреді.
Алайда сол заманнан бері бұзақылар айылын жияр емес. Тарихқа қастандық жасап, жаһан жұртының есінде қалған жайт көп.
Ширек ғасыр бұрын тәліптер Ауғанстанның Бамиан аңғарында адамзат өркениетінің мұрасы, екі алып Будданың мүсінін жарып жіберді. VI ғасырда тастан қашалған ескерткіштердің биіктігі - 38 және 55 метр. Тәліптер мұнысын шариғат заңымен түсіндірсе, ЮНЕСКО бұл жағдайды «мәдени вандализмге» теңеді. Өкініштісі сол, орны үңірейіп қалған ескерткішті қалпына келтіру мүмкін емес. Осылайша адамзат он бес ғасырлық тарихы бар жәдігерден бір күнде айырылып қалды.
Әлемдегі күзеті ең мықты «Мона Лиза» картинасына да бұзақылардың кесірі бір емес, бірнеше рет тиген еді. 1956 жылы әйгілі итальяндық суретші Леонардо да Винчидің салған суретіне тас тиеді. Сөйтіп портреттегі бейнеленген Лиза Джокондоның сол жақ шынтағындағы бояу бүлінеді. Бұдан соң, өнер туындысын оқ өтпейтін әйнекпен қоршап қояды. Алайда бұл шабуылды тоқтатқан жоқ. Араға 18 жыл салып, Токиода ашуға бұлыққан әйел картинаға қызыл бояу шашып жібереді. Ол мүмкіндігі шектеулі жандардың музейге кіруге тыйым салынғанына қарсы болады. 2009 жылы Ресейден барған турист картинаға Лувр мұражайынан алған фарфор кесе лақтырған еді.
Ливияда тек музейдегі емес, ашық аспан астындағы тарихи ескерткіштерге де қауіп төніп тұр. Сахарадағы тасқа қашалған бұл суреттер - 14 мың жыл бұрын салынған. Адамзат өркениетінің ең көне мұрасы саналады. Африканың солтүстігі шөлге айналғанға дейін, яғни мыңдаған жыл бұрын жасыл желек, өзен-көлді өлке болғанын айғақтайды. Алайда ЮНЕСКО өкілдері туристер суретті қаншалықты құнды екенін түсінбей, көркін бүлдіреді, - деп дабыл қақты. Бүйте берсе тасқа қашалған суреттер 2 жылда жойылады деп отыр.
Голливуд Даңқ аллеясындағы АҚШ Президенті Трамптың есімі жазылған жұлдыз бір емес, екі рет бүлінді. Ескерткіш 2007 жылы орнатылған. Бұл құрметке Америка басшысы авторлық бағдарлама жүргізгені үшін ие болған. Бірақ бұзақылар ұсталып, вандализм үшін 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ескерткішке зиян келтіргені үшін 4 мың 400 доллар айыппұл төледі.
Авторы: Зайнұр Байжігіт