Биыл шетелде демалу қымбатқа түседі
Жаз да келіп қалды.
Туристік маусым қызатын шақ. Жылда дәл осы мезгілде әуе компанияларының жұмысы қызып, шаш етектен пайда табатын. Бірақ биыл жағдай мәз емес. Oxford Economics компаниясының болжакуынша, Таяу Шығысқа баратын турист саны былтырғыға қарағанда 11–27 пайыз аралығында азаюы ықтимал. Ирандағы соғыс Парсы шығанағы елдері ғана емес, жаһандық туризмге салмақ салып тұр. Өйткені жолдың қаупінен бөлек, энергетикалық дағдарыстар туындады. Мысалға еуропалық әуе компаниялары керосин таппай, рейстерін қысқартуға мәжбүр. Есесіне билет қымбаттап жатыр.
Еуропада жанармай қоры таусылып барады. Бірқатар әуе компаниясы ұшақтарын қаңтаратын түрі бар. Lufthansa осы айда 120 рейсті тоқтатқан еді. Енді қазан айына дейін тағы 20 мың ұшақ әуеге көтрілмеуі әбден мүмкін. Осы аптада Түркияның басты әуе тасымалдаушысы Turkish Airlines 18 бағытты тежейтінін хабарлады. Яғни ұшақтар ұшпайды. Бұл Еуропа, Африка және Азияға қатынайтын рейстер. Бұлардың қатарында Түркістан мен туристер арасында танымал Ыстамбұл–Хургада бағыты да бар. Ал KLM Амстердамнан шығатын 160 ішкі еуропалық рейс пен Таяу Шығыс бағыттарын қысқартуға көшті. Бұл өзгерістер ел көрем, жер көрем дейтін саяхатшылардың қалтасына салмақ саладыз. Өйткені билет қымбаттап, бірқатар компания жанармай үшін қосымша ақы талап етіп жатыр.
ЦИТАТА
- Туризм саласында COVID-19 кезінен бері мұндай белгісіздік болмаған еді. Соғыс аяқталған күннің өзінде бағаның тұрақталуына бірнеше ай қажет. Бұл бір күнде шешілмейді. Биыл шетелде демалуды жоспарлаған саяхатшыларға оңай болмайын деп тұр.
Кэти Настро, Going.com сервисінің сарапшысы
Америкалық әуе компанияларының да күйі осы. Сарапшылар миллиардтаған доллар қосымша шығын келеді деп болжап отыр. Тіпті банкрот алдында тұрған Spirit Airlines үкіметтен қаржылай көмек сұрап үлгерді. Авиаотын бағасын бақылап отырған Platts индексі бойынша, соғыс басталғалы жанармай 70 пайызға қымбаттаған. Кейінгі 2 ай ішінде АҚШ-тағы ішкі және халықаралық әуе билеттерінің бағасы едәуір өскен. 13 сәуірде халықаралық рейстің орташа құны 1064 долларға жетті. 23 ақпанда 776 доллар болған. Алайда АҚШ әуе компанияларының жағдайы Еуропа мен Азияға қарағанда жақсырақ. Өйткені АҚШ-тың өз мұнай қоры мен дамыған инфрақұрылымы бар.
Еуропада жанармай таусылуға жақын
JP Morgan есебіне сәйкес, еуропалық әуе компанияларының жанармай қоры мамырдың ортасына немесе соңына дейін ғана жетеді. Маусым айынан бастап ішкі және қосалқы бағыттарда рейстер күрт қысқара бастауы мүмкін. Әсіресе Ұлыбритания Таяу Шығыс импортына тәуелді болғандықтан, қауіп жоғары. Еуропаға импортталатын авиациялық керосиннің шамамен 40 пайызы Ормуз бұғазы арқылы тасымалданады. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, қолдағы қор небәрі жаздың басына дейін ғана жетуі мүмкін. Ұшақтың негізгі отыны керосин - мұнай өнімі. Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғалы бағасы Еуропада екі есе өсті. Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының дерегіне қарағанда, өткен жылдың көктемімен салыстырғанда керосиннің бағасы орта есеппен 105 пайызға өсіп, барреліне 120 долларға жеткен.
Бір ғана Ормуз бұғазындағы кептелістен келер шығынның салдары осындай.
Жалпы Таяу Шығыс жаһандық саяхатта маңызды рөл атқарады. Халықаралық транзиттік тасымалдардың 14%-ы осы аймақтың еншісінде. Кез келген іркіліс бүкіл әлем бойынша әуежай жұмысы мен рейстерге, қонақүйлерге, автокөлікті жалға беру компанияларына және круиздік желілерге әсер етіп отыр. Күніне 500 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсететін Дубай, Абу-Даби, Доха және Бахрейн сияқты аймақтағы ірі авиациялық тораптар қақтығыстың өршуіне байланысты біраз кедергіге тап болды. Саяхат және туризм жөнінен әлемдік кеңестің алдын-ала болжамы бойынша, биыл аймақтағы шетелдік туристер шығынының көлемі 207 миллиард АҚШ долларын құрауы тиіс еді. Алайда бұл меже орындалуы екіталай. Туризм саласы шамамен 23 миллион шетелдік туристтен қағылуы мүмкін.
ЦИТАТА
- Парсы шығанағы елдер қауіпсіз, қолжетімді және инфрақұрылымы дамыған туристік бағыт имиджін қалыптастырған еді. Қақтығыс басталған сәтте 5 мыңнан астам рейс тоқтатылды. Таяу Шығыс әуежайлары халықаралық транзиттік бағыттардың үлкен үлесіне қызмет көрсететіндіктен, салдары тек аймақтық әуежайларға емес, сонымен қатар алыс нарықтарға, ұшу кестелеріне және сапар бағасына да әсер етеді.
Глория Гевара, Дүниежүзілік туризм және саяхат кеңесінің президенті
Саяхатқа қатысты тәуекелдер осылай. Сапарыңыз сәтті болсын десеңіз, халықаралық жаңалықтардан құлағдар болып, рейсіңізді үнемі бақылап отырғаныңыз жөн.