Шетелдік инвесторларға берілетін «Алтын виза» тетігі жетілдіріледі

Қазақстанда шетелдік инвесторларға арналған "Алтын виза" тетігі жетілдіріледі.

Құрылтай депутаттары көші-қон заңнамасына түзетулер әзірлеп жатыр. Өзгерістер банктік және инвестициялық қызметтерге қолжетімділікті жеңілдетіп, ел экономикасына шетелдік капитал мен жаңа технологиялар тартуға мүмкіндік береді. Жаңашылдықтың игілігін кімдер көре алады және қандай талаптар қойылады?

Шетелдік инвестиция тарту - ел экономикасын дамытудың маңызды тетіктерінің бірі. Бұл жаңа өндірістер ашуға, жұмыс орындарын құруға және заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Еліміздің инвесторлар үшін тартымдылығын арттыру мақсатында депутаттар «Алтын виза» тетігін жетілдіруді ұсынып отыр. Цифрлық куәлік банктік және инвестициялық қызметтерді алуды жеңілдетіп, бюрократиялық рәсімдерді қысқартпақ.

Ләззат Жылқыбаева, ҚР Құрылтайының депутаты:

- Шетелдік инвесторлар, банктік инвестициялық қызметтер алу барысында "Алтын виза" цифрлық куәлігін пайдалана алады. Бұл өз тарапынан қызмет көрсетуді жеделдетуге, оңтайландыруға, қағазбастылықтан ажыратуға мүмкіншілік береді. Бұл жерде айта кететін басты мәселе – бұл жөн-жосықсыз шетелдіктерге рұқсат беру деген емес, ол керісінше қызмет көрсетуді жеделдету, оңтайландыру мәселесі.

Заңгерлердің пікірінше, инвесторларды қызықтыру үшін рәсімдерді жеңілдетумен қатар белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ету маңызды. Яғни қаражаттың қайдан алынғаны расталып, капиталдың қандай салаларға бағытталатыны ескерілуі тиіс.

Арыс Данағатов, заңгер:

- Елге қаржы салып, осындай виза алғысы келетін өтініш беруші қаражаттың шығу тегін толық көрсетуі керек. Яғни ақша қайдан алынды, қандай жолмен түсті - бәрі расталуы тиіс. Екіншіден, инвестиция нақты салаларға немесе компанияларға бағытталуы қажет. Мысалы, инвестор экономиканың басым бағыттарының бірінде жұмыс істейтін компанияның жарғылық капиталына қаржы сала алады.

Көші-қон реформасы Қазақстанға келетін шетелдіктермен ғана шектелмейді. Заңнамадағы тағы бір өзгеріс шетелге жұмыс істеуге баратын отандастарымыздың құқықтарын қорғауға бағытталған. Қазір азаматтарды шетелге жұмысқа орналастыратын жеке агенттіктердің қызметін қосымша мемлекеттік реттеу қажет. Олардың жұмысына бірыңғай ережелер енгізу ұсынылып отыр.

Ләззат Жылқыбаева, ҚР Құрылтайының депутаты:

- Қазіргі кезеңде біздің қазақстандық азаматтардың шетелге жұмысқа барып, ол жерде құқықтарының сақталмауы, жалақыларының дұрыс төленбеуі, кең жағдайда еңбек қанауына тап болуы да жиі кездесіп жатыр. Сонымен қатар жұмыспен қамту агенттіктері шетелге жіберу алдында кәсіби және тілдік даярлық курстарынан дұрыс өткізбейді. 

Сондықтан мұндай агенттіктердің қызметін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бақылайды. Олардың бірыңғай тізілімі де жасақталады. Бұл делдалдарға бақылауды күшейтіп, шетелде еңбек ететін қазақстандықтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.

Данияр Сұлтанұлы

Сондай-ақ оқыңыз: