Кенияда сурдоаудармашы құрылғы ойлап табылды
Әлемде 95 миллионнан астам балада есту қабілетінің бұзылуы анықталды. Мамандардың болжамынша, 2050 жылға қарай көрсеткіш арта түседі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес есту қабілеті нашар балалар жылдан жылға көбейіп барады. Сондықтан оларды қолдау үшін жаңа технологияларға күш салынып жатыр. Мәселен, Кенияда мұғалімнің сөзін ым-ишара тіліне аударатын арнайы құрылғы ойлап тапқан.
Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған бұл құрылғы роботтандырылған қол түрінде жасалған. Оқушыларға физика, химия және басқа да пәндерді меңгеруге көмектеседі. Ол мұғалімнің сөзін бірден ым-ишара тіліне аударады. Оны әзірлеу үшін арнайы сенсорлы костюмдер қолданылған. Олар адамның қозғалысын тіркеп, деректер базасына енгізеді. Қазір технология Мачакос қаласындағы мектептің бірінде сыналып жатыр. Оқушылар құрылғының көмегімен күрделі тақырыптарды жеңіл түсінетін болған.
Крис Мвакала, оқушы:
- Бұл технологияның оқу барысында маған көмегі көп. Робот бәрін қимылмен анық көрсетеді. Соның арқасында мектепте өзімді еркін әрі сенімді сезінетін болдым.
Құрылғыны қашықтан басқаруға болады. Бұл интернет шектеулі аймақтарда да сабақ өткізуге жол ашады. Әзірлеушілердің айтуынша, кениялық ым-ишара тілінде кейбір ғылыми терминдер жоқ. Сол себепті мұғалімдер түсіндіру кезінде жиі қиындыққа тап болады. Ал жаңа жүйе ортақ белгілерді қалыптастырып, оқытуды жеңілдетеді.
Максвелл Опондо, жоба авторы:
- Технология қашықтан басқару арқылы жұмыс істейді. Алдымен сенсорлы экранмен қажетті ақпарат енгізіледі. Ары қарай ол мәлімет роботтандырылған қол мен экзоқаңқаға беріледі. Олар оны қимыл арқылы көрсетеді. Сөйтіп адамдар қашықта болса да бір-бірімен еш қиындықсыз байланыса алады.
Деннис Айойи, мұғалім:
- Мұндай бастама оқушыларға көп мүмкіндік береді. Олар технологияны тек шетелде емес, өз елінде де жасауға болатынын көріп отыр. Бұл балалардың оқуын жеңілдетеді.
Қазір тың технология Швейцарияда да сынақтан өтіп жатыр. Ал Франция мен Вьетнам өз нұсқаларын әзірлеуге кірісті. Осылайша, кениялық мамандардың тәжірибесі инклюзивті білім беруде жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
Авторы: Динара Қуандыққызы