Мұнай нарығындағы дүрбелең
Мұнай төңірегінде дүрбелең басталды. Өйткені Біріккен Араб Әмірліктерінің ОПЕК құрамынан шығуы себепті, біраз елдің аңтарылып қалғаны рас.
Әзірге Brent маркалы мұнай барреліне 108 доллардан сатылып жатыр. Енді әмірліктер қара алтынды көптеп өндірсе, басқалар да олардан қалыспайды әрине. Сөйтіп нарықта мұнай көбейеді. Ал мұның арты неге апарып соғуы мүмкін? Біреу ұтылып, біреу ұтады. Ал ұтатын кім, ұтылатын кім? Мәселе сонда.
Ал ОПЕК-тен әмрліктер кетсе, бұл ұйымға Дональд Трамптың да көзқарасы қандай екенін әлем біледі. Ал АҚШ пен Біріккен Араб әмірліктері ең көп мұнай өндіруші мемлекеттер. Сондықтан, бұлардың бұра тартуы қаншалықты қауіпті? Әлде бір ойыншы нарықты өзгерте алмайды деп сенеміз бе?
Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы – OPEC 1960 жылы Бағдадта құрылды. Жасақтаушы елдер - Ирак, Иран, Кувейт, Сауд Арабиясы және Венесуэла. Жалпы 11 мемлекет мүше жаһандық энергетикалық картель арнайы квоталар жүйесін қолданады. Осыған сәйкес ұйымға мүше мемлекеттер мұнай саясатын үйлестіріп, тұрақты бағаны қамтамасыз ету мақсатында қара алтын өндірісін реттеп отырады. Осыдан бөлек тағы 10 мемлекет кіретін OPEC+ альянсының құрамында Қазақстан мен Ресей де бар. Біріккен Араб Әмірліктері картельге 1967--ші жылы қосылған еді. «Ұйымнан шығу арқылы мемлекет бір жағынан саяси наразылығын білдіріп, Таяу Шығыстағы көршілеріне қыр көрсетіп отыр» дейді сарапшылар.
Ван Цзинь, Солтүстік-Батыс университеті Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры:
- Біріккен Араб Әмірліктерінің қазіргі аймақтық саясатқа көңілі толмай отыр. АҚШ пен Израиль Иранға шабуыл жасаған соң, Араб Әмірліктері Ислам мемлекетінің Парсы шығанағындағы басты нысанасына айналды. Көршілес елдер, оның ішінде Сауд Арабиясы мен Қатар жеткілікті түрде қолдау көрсете алмады. Оның үстіне Иран ОПЕК және ОПЕК+ альянсының мүшесі. Әмірліктер осылайша аймақтағы жағдайға өз наразылықтарын білдіріп отыр.
Дегенмен Біріккен Араб Әмірліктері бұл шешімді бір күнде қабылдамағаны анық. Мемлекет әлдеқашан мұнай өндірісін арттыруға ынталы. Өндірістік қуатын ұлғайту үшін қыруар қаржы жұмсады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша, мемлекет тәулігіне шамамен 3 млн баррель мұнай өндірген. Ұйым бойынша көш басында Сауд Арабиясы. Екінші орында – Ирак. Тізімді әрі қарай Кувейт, Нигерия, Ливия, Венесуэла, Алжир, Конго республикасы, Габон және Экваторлық Гвинея жалғастырады. Араб Әмірліктері келесі жылға қарай өндіріс көлемін тәулігіне 5 млн баррельге дейін арттыруды жоспарлап отыр. Ұйымдағы ең ықпалды мемлекет – Сауд Арабиясы осы уақытқа дейін бұған қарсылық білдіріп келді. Өйткені экономикасы тікелей қара алтынға тәуелді. Бюджетті қымбат мұнайдың арқасында қамтамасыз етіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, енді Сауд Арабиясына қысым күшейеді. Нарықты бақылауда ұстап қалып, өзге де мүше мемлекеттердің картельден шығып кетпеуі үшін күресуге тура келеді.
Ван Цзинь, Солтүстік-Батыс университеті Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры:
- Біріккен Араб Әмірліктері мен ОПЕК мүшелерінің халықаралық отын бағасына көзқарастары әртүрлі. Сауд Арабиясының бағалауынша, баррель үшін 80-90 доллар мемлекеттің ұлттық мүдделеріне сай келеді. Ал Әмірліктер барреліне шамамен 50 доллар өздерінің экономикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жеткілікті деп санайды. Осы себепті Әмірліктер ұйымнан шығу арқылы баға белгілеу ісіне көбірек ықпал етіп, әлемдік мұнай экспортында өз орнын нығайтқысы келеді.
Әмірліктердің бұл шешімін АҚШ қолдап отыр. «Осыған қарағанда Вашингтон мен Абу-Даби алдын ала келісіп алған болуы мүмкін» дейді сарапшылар. Трамп әкімшілігі өз мақсатына жеткендей. Өйткені бұған дейін Ақ үй басшысы «ОПЕК ұйымы күллі әлімді қанап отыр» деп сынаған еді. Қаңтар айында Иранға қарсы соғысты бастамай тұрып, Трамп Сауд Арабиясы мен өзге де ұйым мүшелерінен мұнай бағасын төмендетуді сұрады. Көнбесе, әдеттегідей, баж салығын енгіземін деп қорқытқан. Құрама Штаттар да қазір мұнай өндірісін арттыру тетіктерін қарастырып жатыр. Өйткені елде жанармай бағасы шарықтап кетті.
Кевин Хассетт, Ақ үйдің Экономикалық мәселелер бойынша кеңесшісі:
- Иә, жанармай бағасы тым қымбат. Бірақ бұл уақытша құбылыс деп үміттенеміз. Біріккен Араб Әмірліктері үлкен өндірістік қуатқа ие. Көп ұзамай бұғаздағы мәселе реттелетініне сенеміз. Сол кезде Парсы шығанағында ОПЕК шектеп отырған мұнай ұсынысы артады. Бұл әлемдік бағаға оң әсер етеді.
OPEC ұйымы ыдырай ма?
«Біріккен Араб Әмірліктерінің картельден бөлініп шығуы ОПЕК ұйымының беделін одан әрі әлсіретеді» дейді сарапшылар. Енді өзгелері де Әмірліктердің соңынан еруі мүмкін деген қауіп бар. Өйткені қазір әлемде мұнайға сұраныс күрт артты. Ал квота жүйесіне бағыну қолда бар мүмкіндікті жіберіп алумен тең. Сондықтан ұйымның басқа да мүшелері мұнай өндірісін арттыруға тырысады. Олай болған жағдайда нарықтағы ұсыныс ұлғайып, баға арзандайды. Әйтсе де, мамандардың айтуынша, Әмірліктердің жеке дара жолмен кетуі нарыққа бірден әсер ете қоймайды. Нақты баға Ормуз бұғазындағы жағдай реттелген соң белгілі болады.
Саид Лейлаз, экономист:
- ОПЕК ешқашан аса бір тиімді ұйым болған жоқ. Экономикалық емес, көбіне, саяси әсері басым болатын. Біріккен Араб Әмірліктерінің шешімі осыған дәлел. Ұйымға мүше мемлекеттер ОПЕК ережелерін өз мүдделеріне сай болған кезде ғана ұстанады. Жаһандық картель көз алдымызда құлдырап барады.
Алайда ОПЕК елдері өндірістік қуаты және экономиканы әртараптандыру бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінен едәуір артта. Сондықтан олардың ұйымнан жаппай бас тартуы да екіталай. Айта кету керек, Әмірліктер ұйымнан шығып кеткен алғашқы мемлекет емес. 2019 жылы Қатар да осындай қадамға барған еді. Ал Ангола, Эквадор, Габон және Индонезия кейінгі жылдары квота жүйесімен келіспей, ұйымға мүшелік етуді бірнеше рет тоқтатқан.