Ағза трансплантациясы: әлемдік тәжірибе
Жыл сайын әлемде 150 мыңнан астам адамға ағза ауыстыру операциясы жасалады.
Науқастардың дені бүйрекке мұқтаж. Ал марқұм болған бір донор орта есеппен 7 адамға екінші өмір сыйлай алады. Жаһанда трансплантация саласы қалай дамып жатыр?
АҚШ адам ағзаларын трансплантациялау бойынша көш бастап тұр. Сәйкесінше, елде үмітін үзбей жүрген науқастар саны да көп. Қазір 100 мыңнан астам адам кезек күтіп отыр. Күн сайын елде 20-ға жуық науқас көз жұмады. Құрама Штаттарда адам ағзаларын үлестіру UNOS деп аталатын орталықтандырылған жүйе арқылы жүзеге асады. Бұл жүйе биологиялық сәйкестік, салмақ, бой және логистикалық қолжетімділік сияқты басты дүниелерді талдайды. Қазір америкалықтар арасында ең тапшы ағза - бүйрек. Донорға мұқтаж жандардың 80%-ы қант диабетіне шалдыққан. Одан бөлек бауырына трансплантация күтіп жүрген адам көп. Мамандар мұны алкогольді ішімдік ішу көрсеткішінің жоғары болуымен байланыстырады.
ИСПАНИЯ
Испанияда мәйіттік донорға келісім берген азаматтар баршылық. Әр ауруханада осы бағытта арнайы дәрігерлер жұмыс істейді. Олар жансақтау бөлімінде науқастарды бақылап, ми өлімі анықталған жағдайда туыстарымен келіссөз жүргізеді. Заң бойынша жақындарының келісімі маңызды емес. Десе де, испан дәрігерлері көп жағдайда олардың пікірін ескеруге тырысады. Қазір елде өкпе мен бауыр трансплантациясына мұқтаж жандар көп. Әсіресе егде жастағылар.
ИРАН
Әлем бойынша Иранда ғана бүйрек донорларына ресми түрде ақы төленеді. Донорлыққа келісім берген азаматқа мемлекет пен науқас тарапынан өтемақы беріледі. Елде кезек күтіп, отаға жете алмай отырғандар саны әлдеқайда аз. Дегенмен, бұл бағдарлама тек Иран азаматтарына арналған. Қазір елде ондаған мамандандырылған орталық жұмыс істейді. Ал трансплантациядан кейінгі өмір сүру көрсеткіші 94%-ды құрап отыр. Бұл тұста дәрігерлердің жалақысы ота санына байланысты емес.
ТҮРКИЯ
Кейінгі жылдары Түркияға ем іздеп баратындар көбейді. Көпшілік елдегі озық технологиялар мен қолжетімді бағаға қызығады. Қазір Ыстамбұл бүйрек пен бауыр трансплантациясы бойынша алдыңғы үштікке кіреді. Жергілікті Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, жыл сайын 5 мыңнан астам ота жасалады.
Түрік медицинасының басты ерекшелігі — роботтандырылған жүйелер мен лапароскопиялық әдістерді кеңінен қолдануында. Бұл тәсілдер отадан кейін адамның тез оңалып кетуіне сеп. Әлемнің түкпір-түкпірінен науқастардың дені қант диабеті мен гепатитті емдеуге барады екен. Ал заңсыз жолмен пайда табуға тырысатындар үшін қатаң бақылау енгізілген. Шетелдік науқастар арнайы этикалық комиссиядан өтіп, донормен туыстық байланысын құжат жүзінде дәлелдеуге міндетті.
Нұрбике Жігер, Айдана Бекжан