Корея студенттері Қазақстанды зерттеп жатыр
Оңтүстік Кореяда Түркітану магистратурасы ашылды. Оқу процесі Дондок университетінде басталды.
Мұнда студенттер түркі мемлекеттерінің, соның ішінде Қазақстанның тарихы мен мәдениетін, саясаты, экономикасын зерттейді. Кафедраның негізін қалаушы - белгілі түркітанушы, профессор О Ын Гён. Магистранттарға «Қазақ тілінің негіздері», «Қазақстанның көпұлтты қоғамы және энергетикалық стратегиясы», «Орталық Азиядағы экономикалық даму және ресурс пен энергияны пайдалану стратегиялары» және «Қазақ әдебиеті мен көшпенділер эпосы» сияқты пәндер оқытылады. Профессор О Ын Гённың айтуынша, Оңтүстік Кореяда Қазақстанға деген қызығушылық өте жоғары, сондықтан кафедра Сеул мен Астана арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлмек.
О Ын Гён, Дондок университетінің профессоры:
- Біз қазақ әдебиетінен дәріс беру үшін арнайы сырттан профессор шақыруды жоспарлап отырмыз. Студенттерді қабылдау әр алты ай сайын өткізілетіндіктен, талапкерлер саны артады деп ойлаймыз. Биыл қыркүйекте Сеулде «Корея - Орталық Азия» саммиті өтеді. Бұл шара парламент, президент әкімшілігі, саяси және академиялық ортаның үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Қазіргі таңда Корея үшін дипломатиялық қарым-қатынастарды әртараптандыру өзекті мәселе, бұл тұрғыда Орталық Азия маңызды аймаққа айналуда.
Пак Сон Ми, Дондок университетінің студенті:
- Түркітану және Жібек жолы кафедрасының ашылуы - өте маңызды оқиға. Оның үстіне, бұл еліміздегі түркітану ғылыми-зерттеу институты бар жалғыз орын, сондықтан бағдарламаға қатысқысы келетін студент саны көп болады деп ойлаймын. Менің білуімше, Қазақстан - Орталық Азиядағы экономикалық жағынан ең дамыған ел. Сондықтан мен осы елдің мәдениеті мен тарихын тереңірек меңгеріп, Орталық Азия мемлекеттері мен Корея арасына дәнекер болғым келеді.