Ормуздағы «Бостандық жобасы»: Трамп артқа шегінді

АҚШ Ормуз бұғазындағы «Бостандық жобасын» уақытша тоқтатады.

Бұл туралы Дональд Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Ақ үй басшысы әліптің артын бағып, Иранмен түпкілікті келісімге келу мүмкіндігін бағалау үшін осындай шешім қабылдағанын айтады. Ормузда қаңтарылып тұрған кемелерді құтқаруды мақсат тұтқан жоба дүйсенбіде басталған еді. Ал Иран бұған әу бастан қарсы. Ислам мемлекеті мұны «уақытша бітімді бұзу» деп бағалады. Осыған қарағанда жақсылықтың нышаны білінетін тәрізді.

АҚШ Ормуздағы жобаны тоқтатты

Мемлекеттік хатшы АҚШ бар күшін Ормуз бұғазындағы жағдайды реттеуге бағыттайтынын айтқан еді. Алайда көп ұзамай Вашингтон қаңтарылып тұрған кемелерді босату мақсатында бастаған «Бостандық жобасын» қысқа мерзімге тоқтату туралы шешімге келді. Бұл туралы Дональд Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Айтуынша, бұл қадамға Иранмен келісімді түпкілікті жетілдіріп, қол қою мүмкіндігін бағалау үшін барып отыр. Иран тарапы әу бастан-ақ аталған жоба сәтсіздікке ұшырайтынын жеткізген еді. 

ЦИТАТА: Аббас Аракчи, Иранның Сыртқы істер министрі

- Ормуздағы жағдай саяси дағдарыстың әскери шешімі болмайтынын анық көрсетіп отыр. «Бостандық жобасы» тығырыққа тірейді. Келіссөздер Пәкістан мемлекетінің күш-жігерінің арқасында алға жылжып жатыр. АҚШ қақтығыстың одан әрі өршіп кетпеуін жіті қадағалауға тиіс. Бұл Біріккен Араб Әмірліктеріне де қатысты.

Д. Трамп Конгресті айналып өте ала ма?

Президент Трамптың Конгресске Ирандағы соғыс басталғанына 60 күн толғанда хат жолдауының өз себебі бар. АҚШ-тың Әскери өкілеттіктер туралы заңына сәйкес дәл осы мерзімнен артық Президент өзге ел аумағында соғыс жүргізе алмайды. Ол үшін Конгресстің рұқсатын алуға тиіс. Ал Құрама Штаттардың жоғарғы заң шығарушы органы Иранда соғыс жүргізуге ресми рұқсат бермеген. Президент өз мәлімдемесінде әскери іс-қимылдар екі ел арасындағы уақытша бітім аясында тоқтағанын жеткізді. Сондықтан "Конгресс өкілдерінің мақұлдауын алу үшін белгіленген мерзімге бағынуға міндетті емеспін" деді. Тіпті қажет болған жағдайда Иранға шабулдауды қайта бастау мүмкіндігін де жоққа шығармады. 

Кирстен Джиллибранд, АҚШ сенаторы:

- Америка халқы бұл соғысты қолдамайды. Оған Конгресс рұқсат берген жоқ. Әскери операцияға қыруар қаржы жұмсалуда. Ал кесірі қарапайым тұрғындарға тиіп жатыр. Жанармай мен азық-түлік бағасы шарықтап тұр. Халық әбден шаршаған. 

Бірақ бұған абдырап жатқан Трамп жоқ. Оның айтуынша, экономикалық салдары бұдан да ауыр болуы мүмкін еді.    

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Мұнай бағасы 300 долларға дейін қымбаттайды деп ойлаған едім. Оның өзі ұзаққа бармайтынын білдім. Ал қазір Дабл-ю-ти-эй мұнайы барреліне шамамен 102 долларға саудаланып жатыр. Мұның бәрі ядролық қарудан құтылу үшін жүргізіліп жатқанын ескерсек, бұл аса қымбат баға емес. 

Қазір демократтар Трамп әкімшілігіне шүйлігіп отыр. Халық арасында жүргізілген сауалнама барысында америкалықтардың 62 пайызы АҚШ президентінің жұмысына көңілі толмайтынын айтқан. Сарапшылардың айтуынша, Трамп рейтингінің күн санап төмендеп барады. Сондықтан қарашада өтуге тиіс Конгрестің қос палатасына сайлауда Республикалық партияның жеңілу қаупі жоғары. Ал демократтар жеңіске жетсе, Президенттің ықпалы әлсірейді.

Мөлдір Жақан