Әлем елдеріндегі аттракциондар қауіпсіздігі қандай?

Әлемдік ойын-сауық индустриясында аттракциондар туризмнің тетігіне айналған. 

АҚШ, Германия, Жапония сынды елдерге жыл сайын ерекше әсерді сезіну үшін ағылатын турист көп. Қазіргі аттракциондардың жылдамдығы сағатына 240 шақырымнан асса, биіктігі 139 метрге дейін жетеді. Бұл – әрине, технологияның жетістігі. Ал енді қауіпсіздігіне қаншалықты басымдық беріледі? 

АҚШ-та 400-ден астам ірі ойын-сауық саябағы бар. Жыл сайын 375 миллионнан астам адам барады. Статистика бойынша, аттракционда жарақат алу ықтималдығы 15,5 миллионнан 1-ге тең. Салыстырмалы түрде айтсақ, көлік апатына ұшырау қаупі бұдан жүздеген есе жоғары. Өйткені қауіпсіздік қатаң бақылауда. Парк ашылмас бұрын аттракцион адамсыз бірнеше рет іске қосылады. Металдың ішкі шытынауын анықтау үшін магнитті және ультрадыбыстық құрылғылар қолданылады. Келушілердің белдігі тағылған ба жоқ па, бұл екі мәрте тексеріледі. Сондай-ақ Fail-Safe жүйесі бар. Жарық өшіп қалса немесе ақау шықса, тежегіштер өздігінен жабылып, қозғалыс тоқтайды. 

Әлемдегі аттракциондардың 70-80%-ы неміс немесе неміс-швейцар технологиясымен жасалған. Германияда бақылау қатаң. Рельстерді рентгенмен тексеріп, металдың ішіндегі көзге көрінбейтін микро ақаулықтарды анықтайды. Германияның өзінде орналасқан Europa-Park жылына 5 миллионнан астам адамды қабылдайды. Әрі ондаған жылдар бойы техникалық ақаудан болған бірде бір оқиға тіркелмеген. 

Ал Жапониядағы аттракциондар беріктігімен ерекшеленеді. Сейсмикалық аймақта орналасқандықтан, мұндай нысандар 8-9 балдық жер сілкінісіне шыдас беруге тиіс. Мысалы, әйгілі Fuji-Q Highland паркіндегі аттракциондар жылдамдығы мен биіктігі бойынша бір емес, бірнеше рет Гиннестің рекордтар кітабына енген. Мұндағы қызмет көрсету тәртібі ерекше. Операторлар әрбір бекіткішті тексергенде арнайы дыбыстық және қол белгілерін қолданады. Бұл адам қатысуымен болатын қателіктің алдын алады.