Дональд Трамп Қытайға аттанды

Тура бір жыл бұрын екі елдің арасында тариф дауы ушықаны белгілі. Вашингтон Бейжіңге алымды еселеп арттырса, Қытай да қарап қалмаған еді. 

Ақ үйді сирек минералдар экспортына шектеу қоятын болып абдыратқан. Өткен 12 ай ішінде қос тарап өкілдері қайта-қайта кездесіп, сауда соғысының алдын алып, ақыры мамырдың 14-і мен 15-і аралығында өтетін  саммитте жолығуға уағдаласты.

Иә, бұл сөздер Дональд Трамп пен Си Цзиньпин кездесуінің негізгі тақырыптары болмақ. Ақ үй баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, АҚШ президенті 13 мамыр сәрсенбі күні Бейжіңге келіп қонады. Ресми шаралар 14-15 мамырда өтеді. Қытай басшысы америкалық әріптесін Халық сарайында күтіп алып, екі жақты жиындар өткізіп, арнайы қонақасы ұйымдастырады. Кездесулердің дені шай мен дастарқан үстінде болмақ. Содан ба екен, сапарға аттанар алдында Трамп жақсы көңіл күйде болды.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Жақсы жаңалықтар көп болуы әбден мүмкін. Меніңше, Тайвань тақырыбын менен бұрын ол көбірек қозғайтын сияқты. Сондай-ақ әңгіме энергетика мен Иран жайында да өрбуі ықтимал.

Бұдан бөлек сарапшылар бұрыннан қаузалып жатқан мәселелер қайтадан күн тәртібіне шығады дейді. Мысалы, фентанил тасымалы, АҚШ тауарының Қытайға көптеп экспортталуы, сирек минералдардың экспортына шектеудің болмауы, және қос елдің арасындағы сауданың тұрақтығы да сөз болмақ. Бірақ бұл Бейжіңнен гөрі Вашингтонға қажеттірек мәселелер сияқты.

Уэсли Хилл, Халықаралық салық және инвестиция орталығының Қытай және Еуразия бойынша сарапшысы:

- Меніңше, АҚШ қандай да бір жеңілдік жасағанымен, Қытай бұл кездесуге аса мұқтаж емес. Егер нақты келісімдерге қол жетпесе, Бейжің үшін бұл үлкен мәселе болмайды. Керісінше, дипломатиялық ілгерілеуден көбірек ұтатын - АҚШ. Әсіресе тарифтер, Иран мәселесі және әлемдік энергия нарығындағы жағдай тұрғысынан ұтуы мүмкін. Әрине, Қытай да белгілі бір пайда көре алады. Бірақ оның ықтимал ұтысы АҚШ-пен салыстырғанда әлдеқайда аз. Сондықтан бұл келіссөздерге Вашингтонның мүддесі күштірек.

Филип Лак, Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының сарапшысы:

- Вашингтон тарапы Тайваньның басты тақырыпқа айналғанын қаламайды. Ал Бейжің Оңтүстік Қытай теңізі мен өзге де аймақтарда жағдайды біртіндеп өз пайдасына өзгертуге тырысқаны секілді бұл бағытта да баяу әрекет етуге ұмтылуы мүмкін. Яғни АҚШ-тың ресми ұстанымындағы Тайвань егемендігіне қатысты екіұшты тұжырымдарды, аралға қару-жарақ сату жөніндегі шешімдерді біртіндеп өзгертуге ықпал етуі мүмкін.

Қос президенттің кездесуі соңғы онжылдықтағы АҚШ президентінің Қытайға алғашқы сапары ретінде де тарихта қалғалы тұр. Соңғы рет алғашқы билік мерзімінде Дональд Трамптың өзі келген. Бұл жолы Ақ үй басшысы үкімет өкілдерімен бірге Илон Маск, Тим Кук сынды миллиардерлерді ала келмек. Meta, Boeing, Mastercard, BlackRock сынды ондаған алпауыт компанияның басшылары да қатар төбе көрсетеді.