Астанада Го ойынынан халықаралық турнир басталды
Астанада Го ойынынан ашық халықаралық турнир де өтіп жатыр. Жарыс биыл «Жібек жолы» деген атаумен өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Салтанатты жиынға Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь және Қазақстан Го федерациясының президенті қатысты. Турнирге Корея, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан өкілдері келген. Барлығы 70-ке жуық қатысушы тіркелді. Дода аясында Орталық Азиядағы үздік ойыншылар және ұлттық есеп бойынша жеңімпаздар анықталады. Турнир Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған. Зияткерлік сайыс екі күнге созылады.
Ван Цинпин, Астанадағы Қытай мәдени орталығының директоры:
– Қазақстан мен Қытай көрші мемлекеттер. Екі ел арасында стратегиялық ынтымақтастық пен достық қарым-қатынас дамып келеді. Қытай мәдени орталығы өзара байланысты өркендетіп, осы бағытта атсалысуға дайын. Го ойыны Қытайда пайда болғанымен, бүгінде бүкіл әлемде кең таралған. Сондықтан бұл халықаралық турнир Қазақстан мен Қытайдың мәдени байланысын нығайта түседі.
Жалпы Го әлемдегі ең көне стратегиялық ойындардың бірі саналады. Қытайда 2,5 мың жылдық тарихы бар ойын логикалық талдауды, шыдамдылық пен күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдау қабілеттерін дамытады.
Ерлан Баймұхаметов, Қазақстан Го федерациясының президенті:
– Бұл халықаралық жарысты Қытай мәдени орталығының қолдауымен ұйымдастырдық. Бүгін 70-ке жуық қатысушы тіркелген. Олардың 10-ы Қытайдан келді. Корея мен Қырғызстаннан мықты ойыншылар қатысып жатыр. Го Қазақстанда көп таралмаған, дегенмен жыл сайын ойынға қызығушылық артып келеді. Бүгінде Алматы, Астана, Қарағанды, Павлодар, Ақтау, Ақтөбе қалаларында Го ойыны бойынша клубтар бар. Бұл балалардың ойлау жүйесін дамытуға өте пайдалы құрал.
Мерей Қуанбай, жарысқа қатысушы:
– Го ойынын 4 жыл болып қалды ойнап жатқаныма. Осы жарыстан өте үлкен жетістіктер күтемін. Ойын өте терең. Ойланғанда тыныштық сезімі, ішкі жан дүниеге тыныштық береді. Интеллектуалды және өте пайдалы спорттардың бірі деп ойлаймын.