Финляндия астанасында веложол ұзындығы 1300 шақырымға жетті

Финляндия астанасында веложолдардың ұзындығы 1300 шақырымға жетті. Оның 100 шақырымы өте жоғары жылдамдықпен бөгетсіз жүруге арналған. 

2029 жылға тағы 80 шақырым веложол салынбақ. Бұл туралы Хельсинки қаласының әкімшілігі Қоршаған орта бөлімінің жанындағы велосипед қозғалысы тобының жетекшісі Оскари Каупинмаки мәлімдеді. Таяуда шаһарды қала маңындағы аралдармен байланыстыратын осы елдегі ең ірі көпір ашылған. Оның ұзындығы – 1 шақырым 200 метр. Ол арқылы күніне 50 мың адам өте алады. Мұнда веложолдардан бөлек жаяу адамдар мен трамвайларға арналған жолақтар бар. Тек автокөлік өтуге болмайды. Бұл біраз шенеунік пен тұрғынның наразылығын тудырды. Әсіресе қала әкімшілігінің кеңесішісі Маркус Рантала аталған жобаға көп ақша да жұмсалғанын айтады. Ел үшін ерекше көпірді салуға 383 миллион доллар бөлінген. 

Оскари Каупинмаки, Хельсинки әкімшілігі қоршаған орта бөлімінің велосипед қозғалысы тобының жетекшісі:

- Бұл жоба Тәж көпірі деп аталады. Барлық жобалар сияқты оның да жақтаушылары мен даттаушылар бар. Алайда қолдайтындардың қатары өте көп. Бұл жоба урбандалу, экология, денсаулық мәселелері бойынша өте жақсы шешім.