Араб елдері Ормузды минадан тазартады
Шығанақтағы араб мемлекеттері Ормуз бұғазын жарылғыш заттардан тазартуға бекінді.
Бұл іс кемі 6 айға созылуы мүмкін. Араб елдеріне халықаралық коалиция көмекке келеді деген болжам бар. Өңірдегі негізгі су жолындағы қозғалыс қалпына келмесе, жүк тасымалы қымбаттай бермек. Қазірдің өзінде сақтандыру шығындары ұлғайған. Тәуекелі көп бағытпен жүруге кей компаниялар шектеу қойған.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Біріккен Араб Әмірліктері мен Иран арасын бөліп тұрған Ормуз бұғазында шамамен 20-ға жуық теңіз минасы бар. Нақты саны тек ислам сақшылар корпусына мәлім. Бұл жайт халықаралық қауымдастықты алаңдатып отыр. Әсіресе шығанақ елдері зардабын көре бастады. Бұл өткелден қазір кез келген кеме еркін өте алмайды. Иран немесе АҚШ әскеріне тікелей жүгініп, бағыт-бағдар алуға тиіс. Анығында бұғаз бойындағы қозғалыс жылдар бойы нақты ережемен реттеліп келді. Қандай да бір елдің жеке мүддесі ескерілмеген. Кейінгі кезде ортақ тәртіп ұмыт болғандай.
Ормузды бетке алған мұнай танкерлері мен жүк таситын кемелерге қауіп мол. Жақында ғана әмірлікке тиесілі су көлігіне осы аралықта соққы жасалды.
Сұлтан Әл Жәбер, БАӘ Өнеркәсіп және озық технологиялар министрі:
- Біріккен Араб Әмірліктері Ормуз бұғазы маңында «ADNOC» (аднок) танкеріне жасалған дрондық шабуылды қатаң айыптады. Оны біз теңіз қауіпсіздігіне төнген тікелей қауіп ретінде бағаладық. Жалпы бұғаз – тек теңіз жолы емес, әлемдік экономика мен энергетика жүйесінің негізгі күретамыры. Ол жаһандық нарыққа әсер етеді. Сондықтан халықаралық қауымдастық теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге белсенді араласуы тиіс. Біз аймақтағы тұрақтылық пен еркін кеме қатынасының сақталуын қалаймыз.
Ал теңіз миналарына қатысты жағдай біршама қиын. Соған қарамастан шығанақ елдері су жолындағы жарылғыш заттарды жедел тазартуға бекініп отыр. Бұл іс бір жақты негізде жүзеге аса қоймайды. Халықаралық коалиция көмегі қажет. Алты айға жалғасатын операция алдын ала келісіліп, нақты жоспар құрылуы шарт.
Мамандардың айтуынша, теңіз қатынасы енді тек қымбаттай береді. Тәуекелі көп бағытпен тауар тасымалдауға кей сақтандыру компаниялары екі есе тариф енгізген.
Салех Әлхатлан, "Gulf" зерттеу орталығы төрағасының бас кеңесшісі:
- Бұл бұғаз біздің өңір үшін аса маңызды. Онымен тек мұнай тасымалданып жатқан жоқ. Күнделікті тыныс-тіршілікке қажетті қаншама жүк Ормуз арқылы келеді. Иран су жолын бөгейтінін бірнеше рет айтқан. Бірақ біз тап осылай жасайды дегенге сенбеген едік. Енді жағдай осылай болып отыр. Оны қайта қалпына келтіріп, миналардан тазартуға халықаралық серіктестеріміз керек. Олар көмек береді деген ойдамыз.
Сарапшылар өңір елдерінің соғыстан кейін бірден біте қайнасып кетуі екіталай екенін айтады. Арада оқ атпау жөніндегі уақытша келісім болғанымен оның талаптары толық орындалып жатқан жоқ. Тараптар бір- біріне көп кіжініп, килігіп те жүр. Дерекке сәйкес, қазір шығанақта сыртқы сауда айналымының азайғаны байқалады. Кей елдер табиғи қазба байлығы мен басқа да өнімдерін әлемдік нарыққа шығара алмай, қомақты табыстан қағылып отыр.
Рауан Мыңбай