АҚШ-Қытай: технология саласындағы бәсеке
АҚШ пен Қытай сауда-экономикалық байланыстарды қайта жандандыруға ниетті.
Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің Бейжіңдегі кездесуінен кейін тараптар бірлескен сауда-инвестициялық комиссия құруға келісті. Кейінгі жылдары екі ел арасындағы технологиялық және экономикалық бәсеке күшейгенімен, Вашингтон мен Бейжің қарым-қатынасты біртіндеп тұрақтандыруға дайын екенін мәлімдеді.
АҚШ-тың технологиялық бәсекедегі басты артықшылықтарының бірі – жасанды интеллект жүйелеріне қажет озық чип өндірісі. Қазір әлемдегі жетекші нейрожелілердің басым бөлігі америкалық NVIDIA компаниясының графикалық процессорлары арқылы жұмыс істейді. Қытай бұл технологияларды ұзақ уақыт бойы белсенді сатып алып келді. Десе де 2022 жылы Вашингтон Қытайға чиптер мен арнайы жабдық экспортын шектеді. АҚШ билігі мұны ұлттық қауіпсіздік мәселесімен байланыстырды. Осыдан кейін Қытай өз технологияларын дамытуға қарқынды кірісті. Мемлекеттік қолдау мен жаңа дата-орталықтардың салынуы бұл үрдісті жеделдете түсті. Нәтижесінде 2025 жылы қытайлық DeepSeek чат-ботының пайда болуы АҚШ-тың IT нарығына айтарлықтай әсер етті.
Технологиялық бәсекенің тағы бір маңызды бағыты – электромобиль өндірісі. Бұған дейін бұл салада Tesla көш бастап келсе, қазір Қытайдың өндіріс көлемі мен аккумулятор технологиялары бойынша үлесі артып келеді. Ресми деректерге сәйкес 2024 жылы әлемде 17 миллионнан астам электромобиль сатылған. Оның 11 миллионнан астамы Қытай нарығына тиесілі. Ал 2025 жылы қытайлық BYD алғаш рет әлемдік сатылым бойынша Tesla-дан озып шықты. Сарапшылар мұны Қытайдағы қолжетімді баға, өндірістің артуы және экспорт көлемінің өсуімен байланыстырады. Осыған жауап ретінде АҚШ өз нарығын қорғау шараларын күшейтті. 2024 жылы Вашингтон Қытай электромобильдеріне салынатын баж салығын 100%-ға дейін көтерді.
5G технологиясында да екі ел арасында бәсекелестік артты. Бұл салада Қытай әлемдік көшбасшылардың біріне айналған. Сарапшылардың бағалауынша, дүниежүзінде 5G базалық станцияларының 60 пайыздан астамы Қытайға тиесілі. Ал АҚШ байланыс технологияларын әзірлеудегі басымдығын сақтап келеді. Америкалық Qualcomm чиптері 4G және 5G құрылғыларында қолданылады. Кейінгі жылдары Вашингтон бірқатар қытайлық компанияларға қарсы шектеулер енгізді.