АҚШ пен Израиль жаңа шабуылды талқылады

АҚШ пен Иран соғысты тоқтату туралы келісімге келер емес. Ормұз бұғазындағы кеме қатынасының қалпына келетін түрі жоқ.

Стратегиялық маңызы бар су жолындағы жағдай шиеленісіп барады. Тегеран Құрама Штаттар мен оны қолдаушы мемлекеттер үшін өз ережелерін орнатпақ. Ал Дональд Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында шыдамның да шегі бар екенін анық аңғартты. Ислам мемлекеті тездетіп келісімге келмесе, іс насырға шабатынын ескертті. 

The Times of Israel басылымының мәліметіне сүйенсек, АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті. Екеуара әңгіме барысында саясаткерлер Иранға қарсы әскери қимылдарды қайта бастау мүмкіндігін талқылаған. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ақ үй басшысы Тегеранмен келісім жасаудан әлі де үмітті. Таяуда Иран тарапы ядролық бағдарлама бойынша жаңартылған ұсыныс жіберуге тиіс деп отыр. Америкалық көшбасшы әлеуметтік желіде Ислам мемлекеті тездетіп бір шешімге келмесе, ауыр салдарға тап болады деп қатаң мәлімдеме де жасады. Бұған дейін Құрама Штаттар Иранның 14 тармақтан тұратын қақтығысты реттеу жөніндегі жоспарынан бас тартқан еді. Тараптар арасындағы негізгі келіспеушіліктер Иранның ядролық бағдарламасы мен Ормуз бұғазымен кеме қатынасына байланысты болып отыр.

Иран кемелерден алым алуды қалайды

Ормуз бұғазындағы теңіз блокадасы жалғасып жатыр. Сондықтан Тегеран кеме қозғалысын өзінше реттеуге көшті. Иранның бірінші вице-президенті стратегиялық су жолы АҚШ, Израиль және оларды қолдаушы мемлекеттердің әскери техникасы үшін толығымен жабық екенін ресми мәлімдеді. Сондай-ақ Иран парламенті енді өткелден өтетін кемелерге транзиттік баж салығын енгізу туралы заң жобасын қарастырып жатыр. «Қауіпсіздік кепілдігі үшін» әр азаматтық кемеден 2 миллион долларға дейін алым алу жоспарланып отыр. Бұл шектеулерге жауап ретінде Құрама Штаттар мен Израиль Иран мемлекетіне тиесілі әскери қайықтарға ара-тұра соққы жасап жатыр.

Жаһандық бизнес шығынға ұшырады

Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан жаһандық бизнес кем дегенде 25 миллиард доллар көлемінде шығынға ұшырады. Бұл туралы Рэйтер агенттігі хабарлады. Талдау қорытындыларына сәйкес, 280-ге жуық ірі корпорация Ирандағы жағдай өздерінің қаржылық көрсеткіштеріне кері әсер еткенін растаған. Дағдарысқа қарсы шаралар ретінде көптеген кәсіпорын өнім құнын арттыруға және өндіріс көлемін азайтуға мәжбүр. Сондай-ақ қызметкерлерді ақысыз демалысқа жіберіп, қосымша отын алымдарын енгізе бастады. Бұдан өзге бизнестің Үкіметке шұғыл қаржылық қолдау үшін жүгіну жағдайлары жиілеген.

Авторы:  Мөлдір Жақан