Үндістанда екі піл төбелесіп, туристі таптап өлтірді  

Фото: Indian Express

Үндістанда екі піл төбелесіп, туристі таптап өлтірді, деп хабарлайды «24KZ»  Indian Express басылымына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға Карнатака штатындағы Дубаре атты жабайы табиғат паркінде болған. Таңғы уақытта туристерге пілдердің тамақ ішу, жуыну секілді тіршілігін жақыннан көруге рұқсат берілген. Осы кезде кенеттен екі піл төбелесіп, біреуі әйелдің үстіне құлап түскен.  Тамилнад штатынан келген 33 жастағы турист сол жерде көз жұмды. 

Indian Express басылымы марқұм әйелдің саябаққа күйеуі және баласымен бірге келгенін жазады.

Карнатака штатындағы Орман шаруашылығы, экология және қоршаған ортаны қорғау министрі Эшвар Кхандре оқиғаны мұқият тексеріп, болашақта алдын алу үшін барлық шараны қабылдауды тапсырған. Ол пілдердің қаншалықты қолға үйретілгеніне қарамастан, олардың әр сәттегі мінез-құлқын болжау өте қиын екенін ескертті.

Кхандре пілдердің мұрнын ұстауға, оларға жақындап суретке түсуге немесе қант, банан сияқты тағамдар беруге тыйым салуды да тапсырып отыр.