Қытайда дәнді-дақыл сапасын ЖИ анықтайды

Қытайда дәнді-дақылдардың сапасын жасанды интеллект анықтайды. Цифрлық технология шаруалар өсірген бидай, жүгері, арпа дәндерін сұрыптап, толық тексере алады.

Бұл әдіс еңбек өнімділігін еселеп шаруалардың жұмысын жеңілдетті. Тіпті ірі-ірі қамбаларда өндіріс тиімділігі арта түскен. 

Тың технология Қытайдың Хэбэй провинциясында жүзеге асырылуда. Жаңа жүйе қамбаларда жұмыс істеп тұр. Компьютерленген механизм өндіріске арналған жоғары сапалы бейнекамералармен жабдықталған. Оған түскен бидай, жүгері мен арпаның әр түйірі фотосканерленеді. Жасанды интеллектінің алгоритмі бір минутта миллиардтаған фотобейнелерді өңдеп, астықтың сапасын анықтайды.

Ма Гоцзюнь, Ұлттық азық-түлік және стратегиялық резервтер басқармасының ғылыми қызметкері:

- Артықшылығы әр дәнді әр қырынан түсіріп жеке-жеке тексереді. Ылғалдылық деңгейін, дәннің пішінін, зақымдану дәрежесін, тіпті құрамында бөгде қоспалардың бар-жағына дейін анықтап береді. Бұл адам қолымен жүргізілген тексерістерге қарағанда әлдеқайда жылдам. Сондай-ақ фермерлер өнімді дұрыс бағалап, ал сатып алушылар сапасын тез анықтай алады.

Сонымен қатар өлшеу, сақтау, тіпті сатып алу кезінде де қажетті деректерді нақты уақыт режимінде көруге мүмкіндік береді. Өйткені жасанды интеллект барлық мәліметті орталықтандырылған платформаға шығарып отырады. Осы арқылы операторлар бір мезетте бірнеше қамбаны бақылайды. Енді қытайлар технологияның жылжымалы түрін көбейтіп жатыр. Бұл шаруаны шалғайдағы қырман басында тындыруға сеп болады.

Шао Бою, Хэйлунцзян сапа бақылау орталығының инспекторы:

- Осындай жолмен дихандардың уақытын үнемдеп, логистикаға жұмсалатын шығындарын азайтуға ықпал етеміз. Биылғы астық сатып алу кезеңінде ел аумағындағы алқаптарға осындай алты көлік орналастырдық. Қазір сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Ол астық сапасын бір жерде тұрып анықтап фермерлерге қызмет көрсетеді.

Бұның артықшылығымен қатар кемшілігі де бар. Автоматтандырылған жүйе жұмыс орындарының қысқаруына алып келеді. Сондай-ақ жабдықтар мен ЖИ бағдарламасын енгізу шаруаларға қымбатқа түседі. Ең басты мәселе технологияның өзінде емес, оны бақылап жұмысын тұрақты жүргізуде, - дейді мамандар. Осыған қарамастан қытайлар агросекторда жасанды интеллектіні қолдану үлесін күшейте бастады. Осы арқылы өндіріс тиімділігін арттыруға басымдық беріп отыр.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы