АҚШ Р. Кастроға қарсы қылмыстық іс қозғамақ

АҚШ Кубаның бұрынғы басшысы Рауль Кастроға қарсы қылмыстық іс қозғамақ. 

Рейтер агенттігінің дерегі бойынша, бүгін Майамиде арнайы баспасөз маслихаты өтеді. Құрама Штаттардың Әділет министрлігі сол жерде айыптың себебін жариялайды. Әзірге белгілісі, 1996 жылы Кубаның жойғыш ұшақтары гуманитарлық ұйымның әуе көлігін атып түсірген. Сол кезде 4 адамның өмірі қиылды. Вашингтон бұған Рауль Кастроның кінәсі бар деп санайды. Алайда айып күшіне енуі үшін, мұны алқабилер кеңесі мақұлдауы керек. Сарапшылар АҚШ Венесуэла президенті Николас Мадуро секілді қылмыстық істі сылтау етіп, 94 жастағы Рауль Кастроның да қолына кісен салуы мүмкін деп топшылайды. Ал Politico басылымының мәліметіне қарағанда, Ақ үй әкімдігі Кубаға соққы беру мәселесін қарастырып жатыр. Өйткені Гавана билігіне қарсы санкциялар мен мұнай кіргізуді шектеуден нәтиже шықпаған. Кубаның қазіргі Президенті Мигель Диас-Канель Құрама Штаттар соғыс бастаса, бұл майдан қанды қырғынға ұласады деп ескертті.