«Король Чарльз III қайтыс болды»: жалған ақпарат таратқан Британ радиосы кешірім сұрады
Ұлыбританиядағы Radio Caroline радиостанциясы король Чарльз III-нің қайтыс болғаны туралы жаңсақ хабар таратқаннан кейін кешірім сұрады, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл туралы DW жазды. Оқиға британ монархы қайтыс болған жағдайда радиостанциялар қолданатын «Монарх» деп аталатын хаттаманың кездейсоқ іске қосылуынан болған.
Станция жетекшісі Питер Мур Facebook желісінде:
«Монарх» хаттамасы сейсенбі күні түстен кейін кездейсоқ іске қосылып, Мәртебелі Корольдің қайтыс болғаны туралы қате хабар таратылды, - деп жазды.
Мурдың айтуынша, ақауға негізгі студияда болған компьютерлік қате себеп болған. Оқиғадан кейін Radio Caroline алдымен тікелей эфирде кешірім сұрап, кейін әлеуметтік желілерде король мен тыңдармандарға тағы да ресми түрде кешірім жариялады.
Қате хабар айтылған эфир жазбасы көп ұзамай радиостанция сайтынан алынып тасталды.
1964 жылы құрылған радиостанция бұған дейін корольдік отбасы мүшелерінің ресми үндеулерін эфирге шығарғанын және мұны болашақта да жалғастыруға үмітті екенін атап өтті.
Оқиға кезінде Чарльз III Солтүстік Ирландияда сапарда болған. Ол онкологиялық ауруға байланысты ем қабылдауды жалғастырып жатыр.