Өзбекстан Қазақстан астығының импортын арттырды

Өзбекстан Қазақстан астығын көбірек сатып ала бастады.

Бидай импорты бір жылда 2,83 миллион тоннадан 3,56 миллион тоннаға дейін өсті. Сондай-ақ ұн көрсеткіші 3,87 миллион тоннаға артты. Жалпы көрші елде егін егу мәселесі өзекті. Сапасы нашар болғандықтан Өзбекстан бидайдың орнына өзге дәнді дақылдар егеді. Себебі климаттық жағдайлар кедергі келтіріп отыр. Қазір елде шамамен 1 жарым млн гектар жерге бидай себіледі. Алайда орылған өнім тек мал азығына жарамды. Қазақстан бидайын сатып алушылар көшін Өзбекстан бастап тұр. Көрші ел жыл сайын шамамен 3 жарым млн тоннаға жуық астық сатып алады. Екінші орында Қытай. Олар бізден 2 млн 700 мың тонна импорттайды.

Вадим Соколов «Аралды құтқару» қорының агенттік директоры:

- Өкінішке орай, климаттық жағдайға байланысты бізде бидай өсіру қиын. Сапасы төмен. Ол өніменен нан пісірген күннің өзінде, оны адам жемейді. Яғни бидайды мал азығы үшін егеді. Әрине ол алқаптар суармалы. Ауылшаруашылық саласын дамытудың бағдарламасы аясында, қазір ғалымдарымыз бидайдың орнына басқа дәнді дақылдарды егу жағын қарастырып жатыр. Бұл бір жағынан су үнемдеуге де септігін тигізер еді.