Қазақстан мен Өзбекстан арасында өнеркәсіптік байланыс нығайды
Елде құрылыс қарқын алғаннан кейін жеделсаты мен эскалаторға да сұраныс артты. Ал осы көтергіш құралдарды алыстан арбаламай-ақ, көрші елден алуға болады, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастық нығайып келеді. Стратегиялық серіктестік аясында ірі кооперация жолға қойылды. Экологиялық таза әрі заманауи жабдықтар нарыққа шығып, арадағы сауда айналымы ұлғайды.
Ташкенттегі «Технопарк» Орталық Азиядағы ірі өндірістік кәсіпорынға айналды. Зауытта жылына 4 мың лифт пен 400 эскалатор шығарылады. «AKFA BUILD» және «Osten» брендтерімен өндірілетін заманауи құрылғылар екі елдің қалаларында кеңінен қолданылып жатыр. Ташкент халықаралық әуежайы, Ислам өркениеті орталығы мен «Seoul Mun» кешенінде сапасы дәлелденіп, Қазақстанда да іркіліссіз жұмыс істеп тұр.
Наргиз Шоисламова, AKFA BUILD компаниясының қоғаммен байланыс және бақ жөніндегі бас директорының орынбасары:
– Қазақстан мен Өзбекстан басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің саясатының арқасында екі ел арасында бұрын-соңды болмаған тату қарым-қатынас орнады. Бұл, әрине, бизнес пен сауда-экономикалық байланыстарға тікелей оң серпін берді. Осы ықпалдастық біздің серіктестігіміздің де нығаюына зор үлес қосты.
Шодиёр Құдаров, AKFA BUILD компаниясының аймақтық өкілі:
– Жыл сайын сауда айналымы өсіп келеді. Өрт қауіпсіздігі талаптарына сай әрі қозғалысы шектеулі жандарға арналған лифтілерге сұраныс жоғары. ARD апаттық жүйесі лифтілердің бәрінде базалық жиынтықта орнатылған.
Өзбекстандық лифттер Шымкенттегі тұрғын үй кешендерінде, қонақүйлер мен сауда орталықтарында да орнатылған. Сенімді әрі сәнді жеделсатылар инфрақұрылымдық жүйені жаңғыртып, тұрғындарға жайлылық сыйлады.
Талғат Тойшыбеков, «ARMAN LIFT» ЖШС өкілі:
– Бұл лифтті 2023 жылы орнатқанбыз. Ешқандай кінәрат жоқ, қазір іркіліссіз жұмыс істеп тұр. Өзбекстандағы әріптестерімізбен бірлесіп, жұмыс істеп жатқанымызға дән ризамыз.
Қазақстан мен Өзбекстанның серіктестігі сауда-саттықтан ортақ өнеркәсіптік кооперацияға ұласты. Бұл өндірушілерге де, тапсырыс берушілерге де жаңа мүмкіндіктер ашады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов