Әлемде Қытай роботтарына сұраныс артты

Нарықта робот өндірісі де артты. Әсіресе Қытай алдына қара салмай тұр. Қазір өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласына қажетті роботтар көп сатылады.

Қытайда робот экспорты күрт өсті. Биыл алғашқы тоқсанның өзінде шетел нарығына сатылған құлтемірдің саны былтырғы жылы сатылған көлемнен асып түскен. Қазірдің өзінде жалпы экспорт 1,66 млрд АҚШ долларына жетті.  Роботтардың қолдану аясы кеңейген сайын зауыттар сыртқы нарыққа жұмыс істеуге көшті. Енді кәсіпорындар қуатын арттыра бастады.

Дун Хао, Linkhou Robotics компаниясының жетекшісі:

- Экспорт күрт өсті. Өйткені біздің роботтар арзан әрі қол жетімді. Өсім ай сайын байқалып отыр. Сатып алушы елдер аясы кеңейген сайын тілдік және ауыл шаруашылығына қажетті нұсқаларын көп ұсынып отырмыз. Мәселен, бұрын бізде ағылшын, жапон және қытай тілдеріндегі нұсқасы болса қазір вьетнам және корей тілдері қосылды.

Гумоноидтан бастап, тазалаушы, жол қозғалысын реттеуші, құрылыс саласына қажетті роботтарға сұраныс жоғары. Қытайдың Бас кеден басқармасының мәліметіне сәйкес, тауар 148 мемлекет пен аймаққа шығарылып жатыр. Ең көп сатылатын өндіріске икемделген құлтемірлер. Мәселен, биыл алғашқы 4 айда өндірістік робот экспорты 42 пайызға өскен. Сондай-ақ шетелдіктер төрт аяқты робот иттерді көп алатын болған. Олар оны көбінесе жылжымайтын мүліктері мен ауласын күзетуге пайдаланатын көрінеді.

Цянь Вэйнин, Уцзян Кеден қызметі директорының орынбасары:

- Жылдан жылға роботтардың шапшаң, аса дәлдікпен жұмыс істейтін түріне сұраныс артып келеді. Мәселен, 2023 жылы адам мен робот өзара әрекеттескен технология жоғары сұраныста еді енді биылдан бастап ақылды бионикалық роботтар мен тазалаушы роботтарға сұраныс өсіп келеді. Қазір 13 түрлі робот  экспортқа шығарылып жатыр.

Қытай әлемдегі ең ірі робот өндіруші елге айналып отыр. Дүниежүзі нарығында 12 жыл қатарынан алда келеді. Бүгінде көрші мемлекетте зияткерлік робототехника бағытында 500 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Айта кету керек, өткен жылы ғана қытайдың робот өндіруші кәсіпорындарының басым бөлігі импортқа тәуелді еді. Қалыптасқан геосаяси жағдайда қытайлық өндіріс орындары техникалық мүмкіндіктерін жетілдіруге күш салып, қысқа уақытта  өз өнімдерін экспортқа шығара бастады.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы