Сеулде тоғызқұмалақтан турнир өтті

Сеулде тоғызқұмалақтан Қазақстан мен Корея арасындағы жолдастық кездесу өтті. Ойын үстелінде қос мемлекеттің ұстаздары бас қосты. 

Қазақтың көне зияткерлік ойыны - тоғызқұмалақ Оңтүстік Кореяда кеңінен танылып келеді. Бұл жолы республика астанасындағы ойын тақтасында әдетте шәкірттерге өздері баға қоятын жандар - Қазақстан мұғалімдері мен олардың кореялық әріптестері кездесті. Алматылық ұстаздар Сеулге 10 күндік тағылымдамадан өтуге келіпті. Осы хабарды естіген Кореяның тоғызқұмалақ федерациясы оларды турнирге шақырған.

Нұрсұлу Мырзабекова, Алматы қаласы №201 мектеп-гимназиясының мұғалімі:

- Жалпы мектеп кезінде турнирлерден үнемі осындай бірінші орын алатынмын. Енді 26 жылдан кейін қайтадан осындай тағылымдамада, барысында осындай турнирге қатысып жатырмын. Жалпы математикадан қабілеті бар адамдар ойнайды ғой. Өзім мектеп кезінде де математикадан бес болғанмын. Бес ойыншымен ойнадық. Бәрі де мықты. Олардың қызығушылығы тоғызқұмалаққа деген көрініп тұр.

Турнирге педагогтардан бөлек, Кореяда білім алып жатқан қазақстан студенттері де қатысты. Солардың бірі - Диана Нұрбаева. Семей қаласынан келген, спорт шеберіне кандидат. Осындағы университет студенті оқуға түскелі бері сүйікті ойынын сағынғанын, ал Сеулдегі турнир ұйымдастырушыларын табуға жасанды интеллект көмектескенін айтады.

Диана Нұрбаева, Ихва университетінің студенті:

- Мен ең бірінші Кореяда қайтадан тоғызқұмалақтан карьераны жалғастырғым келгендіктен, ChatGPT-дан сұрап едім: «Осындай тоғызқұмалақты Кореяда жасаса, қалай табуға болады?» деп. Ол маған елшілікте істейтін ағаның нөмірін беріп, ол кісіге қоңырау шалып, маған осы жерді тауып берді. Негізі үш ойын ғана болды, бәрін ұттым. Менің ойымша, деңгей жақсы, өйткені олар бізден көрі енді кешірек бастады ғой.

Бұл турнир Кореяның тоғызқұмалақ федерациясы мүшелеріне тәжірибе жинақтауға септігін тигізбек. Ал олар алған білімдерін өз шәкірттерімен бөліседі. Қазіргі таңда тоғызқұмалақ ойыны Кореядағы 10 жеке академияда оқытылады.

Пэ До Хён, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті:

- Біздің белсенділеріміздің көпшілігі тоғызқұмалақты балаларды оқыту үшін қолданады. Біз бұл ойынды Кореяда бұдан да кеңінен насихаттағымыз келеді. Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында құрамамыз 9-шы орынды иеленді, алғашқы қадам үшін бұл - өте жақсы нәтиже. Қазір Қырғызстанда өтетін келесі Көшпенділер ойындарына қызу дайындық үстіндеміз, ол жаққа 15-ке жуық спортшы жіберуді жоспарлап отырмыз.

Жолдастық кездесудің жеңімпаздарына сыйлықтар табыс етілді. Ал қазақстандық мұғалімдер турнир қожайындарына тоғызқұмалақ тақталарын тарту етті. Енді Корея федерациясында бұл көне қазақ ойынының елуге жуық жиынтығы бар.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян