Парижде Еуропадағы қазақтардың құрылтайы өтті
Еуропаның түкпір-түкпірінен келген қазақтар Париж төрінде бас қосты.
Биылғы құрылтайды Қазақстанның Франциядағы Елшілігін Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен «Отандастар» қоры және Қазақ-француз-түрік қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.
Елшілік алдындағы бұл естелік суретке жиналған қауым - Еуропаның 16 елінен, сондай-ақ Түркия мен Моңғолиядан келген қандастар мен отандастарымыз. Құрылтай - шетелдегі қазақтардың рухани тұтастығын нығайтатын дәстүрлі алаң. Жиында қазақ халқының тарихи тамыры Алтын Орда мұрасымен сабақтас екені айтылып, Еліміздің халықаралық деңгейдегі ролінің артып келе жатқаны сөз болды. Қатысушыларды ұйымдастырушылар мен мәртебелі қонақтар құттықтады. Бұл күні мінберге көтерілгендердің бәрі бір ауыздан ана тілін сақтау, ұлттық мәдениетті дәріптеу және туған елмен байланысты үзбеудің маңызын айтты.
Қыдырали Оразұлы, фармацевт, Лондон тұрғыны:
- Әрине бұл шараның маңыздылығы өте зор. Әсіресе осы шетелде тілің, әдет, салт- дәстүрін жоғалтып бара жатқан біздің қазақ бауырласымыз бір-бірімен танысып, өзінің тілі мен дәстүріне қауышуына үлкен шанс, үлкен орай. Бір жағынан бізге, әр бір Еуропадағы жасап жатқан мықты мықты азаматтармен танысып, солармен әрі қарай болашақта да елге бір кішкене болса да еңбек етсек деген үлкен арман бар солармен бірге.
Жанаргүл Бақтыгерейқызы, мажар–қазақ этноспорт және мәдени қауымдастығының жетекшісі:
- Біз шет елде жүрсек те, жүрегіміз жүз процент қазақ деп соғады, әрдайым біз өзіміздің Қазақ еліміздің көк туынын желбіреп жүргеніне мақтанамыз. Шетелде біз оны мақтан тұтып өзімізше қазақ елінің дамуына өркендеуіне ат салысып жүрміз деп ойлаймыз.
Құрылтайға бұрынғы көші-қон қазақтарының ұрпақтары, 21-ғасырда қоныс аударған азаматтар, Қазақстанда туған өзге этнос өкілдері, бүгінде Еуропада білім алып, еңбек етіп жүрген отандастар жиналды. Бірге қазақ әндерін шырқап, Қызылорда облыстық филармониясы әртістерінің орындауындағы ұлттық аспаптардың жанды әуенін тыңдады.
Абдыселам Саваш, Ұлыбританиядағы қазақ қоғамының төрағасы:
- Біздің әкелеріміз сол үшін көшкен, қаңымыз бұзылмасын, діңіміз бұзылмасын деп, қолымыздан келгенше, соны қолдап жүрміз енді. Балаларымыз қазақша үйренсін, тіл ұмытпасын, ана тілі сондай қымбат, ағылшын да болмаған, түркі тілде болмаған қазақ сөздер бар, басқа тілде жоқ, содан тіліміз өте қымбат, соны үйренейік, балаларымызға үйретейік деп жүрміз.
Құрылтай аясында жаңа бастамалар мен ынтымақтастық мүмкіндіктер де талқыланды. «Отандастар» қоры ұйымдастырған пікірталас барысында шетелдегі қазақтарды біріктіруге бағытталған жобалар таныстырылды. Маңызды ұсыныстарының бірі – Еуропадағы белсенді қазақ ұйымдарын бір ортақ альянсқа біріктіру. Ал қазақ тілін қолдау мақсатында қатысушыларға сөйлесу клубының онлайн сабақтарына қосылу ұсынылды.
Әлібек Жұрқадам, "Отандастар" қорының вице-президенті:
- Бұл жерде қандай мәселелер көтерілді? Бұл әрине қазақ тілінің дамуы, сонымен қатар салт-дәстүріміз, ұлттық рух деген сияқты мәселелер көтеріліп жатыр. Қазір біз ұсыныстар беріп жатырмыз, осы Еуропа еліндегі қазақтардың басын қосып, бір ірі ортақ альянс құрайық деп ұсыныс тастадық, қазір көреміз, қолдап жатса, болашақта бір жоспар жасап сонымен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз деген ниет бар.
Мақсат Арзаман, "Tildes.kz" қазақша сөйлесу клубының соавторы:
- Біздің келесі мақсатымыз Қазақстан төнірігінен шығып, диаспораларға көмек көрсету. Яғни Еуропада және басқа Америка болсын, қай ел болсын, әлемдегі қазақтарды онлайн бір жерде біріктіру, заманауи қазақ тілін үйрету, тек қана дәстүр, мәдени тақырыптар, тарих ғана емес, қазір Қазақстанда қандай трендтер болып жатыр, қандай мемдер шығып жатыр, қандай жаңалықтар болып жатыр, сонын бәрін түсіндіреміз, бір ортаға жинаймыз.
Құрылтай демалыс күндерінің соңына дейін жалғасады. Бағдарламада Париждегі мерекелік концерт, Гарж-ле-Гонесс жерінде өтетін диаспора жастары арасындағы футбол турнирі мен мәдени-танымдық шаралар жоспарланған.
Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан