Италияда қарттар үйіне сұраныс артты
Италияда қарттар үйі көбейіп барады. Еуропа елдерінде егде тартқандарға күтім жасайтын мекемелер әлеуметтік қажеттілік қана емес, әлеуеті жоғары кәсіпке айналып отыр.
Ал ел экономикасының 30 пайызға жуығы 60 жастан асқан азаматтардың үлесіне тиесілі,- дейді мамандар.
Италияда әр төртінші тұрғынның жасы 60-тан асқан. Статистикаға сәйкес, 2035 жылға қарай қарттардың үлесі 30%-ға дейін артады. Халықаралық әлеуметтанушылар бұл үрдісті жастардың мансапқа көбірек көңіл бөлуімен байланыстырып отыр. Соның салдарынан италия жастары егде тартқан жақынына күтім жасайтын орталықтарға көп жүгінеді. Бүгінде көне шаһарда осындай 5 мың мекеме жұмыс істеп тұр. Іntesa Sanpaolo банкінің дерегі бойынша Италия бұл бағытқа жыл сайын 30 млрд еуро бөледі, яғни шығынның бір бөлігін мемлекет өтейді.
Роберто Вольпе, қарттар үйінің өкілі:
- Кейінгі қақтығыстар кәрі құрлыққа да соққы болып тиді. Қарттар үйі - энергияны көп тұтынатын мекеме. Мұнда қақаған қыста жылу, аптап ыстықта желдеткіш керек. Жалпы алғанда қызмет құны да, азық-түлік шығыны да өсіп барады. Енді қазір 5000 азамат кезек күтіп отыр.
Кейінгі жылдары Италияда жеке меншік қарттар үйлеріне сұраныс артып келеді. Әңгіме жаныңа жайлы, ас-суы сапалы, медициналық қызметіне дейін ұсынатын мекемелер туралы. Адамдар онда күтім іздеп қана емес, әлеуметтік орта қалыптастыру үшін барады. Мұндай мекемелерде тұру құны айына 1500-ден 4000 еуроға дейін. Ал елдегі орташа зейнетақы мөлшері 1500 еуродан аспайды. Сәйкесінше кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Соған қарамастан инвесторлар бұл сектордың әлеуетін жоғары бағалап отыр. Өйткені Италияда қаржылық және мүліктік активтердің басым бөлігіне 50 жастан асқан азаматтар иелік етеді.
Умберто, қарттар үйінің тұрғыны:
- Бұрын күні-түні үйде жалғыз отыратынмын. Шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құратын жандар өте аз болды. Кейін уақыт та баяу өтетін. Бір күні ұлым осындай мекеме бар деп ертіп келді. Алдымен 10 күн қалып көрдім. Енді тұрақтайтын болып шештім. Мен өзімді мұнда өте жайлы сезінемін, достарым да көп.
Енді алдағы 10-15 жыл көлемінде қарттар үйі де, оған сұраныс та артады, - дейді сарапшылар. Қазірдің өзінде Рим қаласында 9 ғимарат жекеменшік қарттар үйлеріне бейімделіп қайта жабдықталып жатыр. Ал Миланда арнайы тұрғын үй кешеніндегі 100 пәтер шағын жеке күтім орталықтарына берілген. Бұл мекемелерде тәулік бойы кәсіби күтім жасалады. Оның ішінде ауыр сырқатқа шалдыққан жандарға арнайы көмек қызметтері де қарастырылған.
Авторлары: Нұрбике Жігер, Мадина Лашбай