Африка ескі киім саудасын шектейді
Жыл сайын 100 млрд тоннадан аса киім тігіледі. Бірақ соның 9 пайызы киілмейді, қоқысқа кетеді. Дегенмен киілген киімнен де пайда табатындар бар.
Сырттан келетін second hand киімдері Африканың біраз елінде жергілікті өндірісті тұралатты. Тіпті қоқыс мәселесін ушықтырған. Қара құрлық елдері қазір осы мәселені шешумен әлек.
Шығыс Африка ескі киім импортын шектеуге кірісті. Сөйтіп жергілікті өндірушілердің тынысын кеңейтеміз деп отыр. Әйтпесе аймақтағы нарықты second hand киімдері жаулап алған, - дейді. Бурунди, Кения, Оңтүстік Судан, Танзания және Угандаға АҚШ пен Еуропадан тонналап ескі киім әкелінеді. Changing Markets Foundation ұйымының дерегі бойынша соның 30 пайызы киюге жарамайды екен. Сондықтан қоқысқа кетеді. Ал Шығыс Африкада қайта өңдеу саласы мүлдем жоқ. Сөйтіп киім қалдықтары қалалардың сыртында тау болып үйіліп жатыр. Енді сырттан ескі киім тасу шектелуге тиіс. Алайда жергілікті саудагерлер нәпақасынан айырылып қалудан қорқады. Кейінгі зерттеуге қарағанда, шығыс Африкада 5 млн адам second-hand киімдерін сатып, табыс табады.
Тадео Валусимби, саудагер:
- Дүкенде сатылатын жаңа көйлектің бағасы - 19 доллар. Ал бұл бағаға Second hand-тен 10 көйлек алуға болады.
Жергілікті өндірушілер нарық сұранысын бірден қамтамасыз ете алмайды. Ал Second hand-тың орнын Қытай мен Түркияның арзан өнімі басып алуы мүмкін, - дейді африкалық кәсіпкерлер.
Тадеус Мусоке, Уганда саудагерлер қауымдастығының жетекшісі:
- Сырттан тасысақ, ел экономикасы аса дамымайды. Бірақ үкімет бірден тыйым салмай, кәсіпкерлерге бейімделуге уақыт беруі керек.
Шығыс Африка қауымдастығына мүше елдер ескі киім импортына тыйым салуға 2015 жылдан бері тырысып-ақ келеді. Алайда бұған АҚШ қарсы. Вашингтон: «шектеу қойсаңдар, сауда бойынша жеңілдіктен айырыласыңдар. Қажет болса, өз нарығымызға да кіргізбейміз, деп отыр. Өйткені Құрама Штаттар - ескі киімнің негізгі экспорттаушысы саналады. Әлемде өндірілетін киімнің 60 пайызы - синтетика. Ал бұл жасанды матаны қайта өңдеу қиын. Сондықтан АҚШ-қа ескі киімдерді қара құрлық елдеріне экспортаған тиімді, - дейді сарапшылар.
Швецияда киімді алмасу орталықтары бар
Ал Еуропаның әр тұрғыны жыл сайын 9-10 келі киімді қоқысқа тастайды. Қарт құрлық тұрғындары мұны азайтудың жолын тапқан тәрізді. Гардеробты жаңарту үшін дүкеннен жаңа көйлек алу шарт емес. Бұл үшін Швецияда арнайы орталықтар ашылған. Мұнда кез келген адам өзінің кимейтін киімін өзге біреудің киіміне ауыстыра алады. Статисткаға қарағанда, қарт құрлықта әр тұрғын жыл сайын кемі 25 киім сатып алады. 90 пайызының гардеробында мүлде киілмеген киім бар. Ал, тігін өндірісі қоршаған ортаны ластайтын ең ірі саланың бірі. Мұнай өнеркәсібінен кейін екінші орында тұр. Арзанның жілігі татымас дейді. Сондықтан, синтетикалық киімдерді бір киіп лақтырмай, сапалы, ұзақ киетін киім алуға дағдылануымыз керек, - дейді экологтар.
Мег Голдман, ерікті:
- Әр адамнан 5 киімнен артық қабылдамаймыз. Таза, бүтін болғанын тексереміз. Бір затқа бір билет береміз. Киімдер залда ілулі тұр. Мұнда әркім өзіне ұнағанын таңдай алады.
2028 жылдан бастап Еуропа елдері киім өндірісін шектейді. Өйткені, бір джинс шалбарын өндіру үшін 7 жарым тонна су жұмсалады. Ең сорақысы, еуропалықтар өндірілген киімнің 9 пайызын кимей өртейді. Соның салдарынан қарт құрлықта ауаға жыл сайын 5,6 млн тонна улы зат таралады. Мұны шектеу үшін Еуроодақ киім өндіретін компанияларға қайта өңдеуді міндеттейді.
Жасанды интелект ескі киімді сұрыптайды
Ал Қытай ескі киімді жасанды интеллектінің көмегімен сұрыптайды. Машина бір сағатта екі тоннасын өңдейді. Екі адамның өзі мұндай жұмысты екі күн жүріп істейді. Ал, ақылды техника матаның құрамын бір секундта анықтайды. Бұл уақыт пен жұмыс күшін үнемдейді. Сондай-ақ киім қалдықтарын азайтуға көмектеседі, - дейді жоба авторлары. Олардың айтуына қарағанда, бұрын сұрыптаудан өткен тоқыма бұйымдарының жартысы ғана қайта өңдеуге жіберілсе, қазір бұл көрсеткіш 70 пайызға жетті. Қытайда жыл сайын 23 млн тонна киім қоқысқа кетеді. Әзірге соның 12 пайызы ғана қайта өңделеді екен.
Мо Жуоя, компания басшысы:
- Киім қалдықтарын өртегенде ауаға улы заттар бөлінеді. Ал қоқыста жатса, қоршаған ортаны ластайды. Сұрыптап, қайта өңдеп, жаңа өнімге айналдыру - киім қалдықтарынан құтылудың ең тиімді жолы осы.
Жер бетінде табиғи ресурстар шектеулі. Бірақ сән қуған адамды тоқтата алмайсың. Киімінің де неше алуан түрі тігіліп жатыр. Соған қарағанда болашақта Африка ғана емес, өзге құрлықтар да қоқыс тастайтын орын таппай жатса таң қалуға болмас.