АҚШ пен Иран бір-біріне соққы жасады

АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт бітімнің ауылы алыс. Өйткені қос тарап бірін-бірі қайтадан бомбалап жатыр.

Оның үстіне Вашингтон Тегеранның темір уысында тұр деген Ормуз бұғазынан кемелер өткізуде. Израиль Ливандағы Иранның одақтасы – «Хезболланы» біржола тізе бүктіргісі келеді. Тель-Авивте бұл жолда АҚШ-тың ұсынысына құлақ аспай отыр. 

Иран АҚШ базасына қарымта соққы жасағанын хабарлады. Ресми Вашингтонның мәліметі бойынша, парсы елінің әуе шабуылына қарсы жүйелер, басқару орталығы мен 2 атқыш дрон талқандалған. Осының алдында Құрама Штаттар Ислам республикасының оңтүстік жағасындағы әскери нысандарды атқылағанын айтқан болатын. Ақ үй «Осылайша, халықаралық сулардағы америкалық дронға жасалған шабуылға жауап бердік», - дейді. Осы соққылар кезінде Кувейтте әуе қорғанысы іске қосылып, бірнеше зымыран мен дрон қағып түсірілген.

АҚШ Ормуздан 70 кеме өткізді

Кейінгі үш аптада АҚШ Ормуз бұғазынан 70 танкердің өтуіне көмектесті. Мұны президент Дональд Трамп әкімшілігіндегі дереккөздеріне сілтеме жасап «Нью Йорк Таймс» басылымы хабарлаған. Сауда кемелері бұғаздан өту үшін навигация жүйесін өшірді. Ресми Вашингтон танкерлер қай елге тиесілі және қандай бағытпен қозғалғанын жарияламаған. Өйткені Иран шабуыл жасауы мүмкін деп қауіптенеді. Таяу Шығыстағы соғысқа дейін Ормуз арқылы әлемдегі мұнайдың 20 пайызы тасымалданатын. Ол кезде стратегиялық су жолы арқылы күніне жүзден аса сауда кемесі өтетін.    

Израиль Ливандағы операциясын кеңейтпек

Израиль Иранның одақтасы Ливандағы операция ауқымын кеңейткісі келеді. Бірақ бұл үшін АҚШ-тың рұқсаты керек. «Иерусалим Пост» басылымының хабарлауынша, ресми Тель-Авив Ақ үйге өтініш-хат жолдаған. Қазірдің өзінде Израиль әскері БофОрт жотасы мен Уади Салақи алқабын бақылауға алғанын жариялады. Енді олар «Хезболланың» негізгі бекінісі болып саналатын Набатия қаласын шабуылдауға дайын. Қақтығыстың ушығуына Ұлыбритания мен Германия қарсы. Еуропалық елдер ұрыс қимылдарын дереу тоқтату керек дейді. Өйткені бейбіт тұрғындар көп оққа ұшып, бейбіт өмір үшін қажет инфрақұрылым босқа қирап қалады.

Израиль АҚШ-қа құлақ аспай отыр

АҚШ Ливан бойынша бейбіт жоспар ұсынды. Құрама Штаттардың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио құжатты Израиль және Ливан тарапына бірдей жолдаған. Талап бойынша «Хезболла» да, Израиль әскері де шабуылды тоқтатуға тиіс. Бейрут бұған келісіп отыр. Ал Тель-Авивтің райынан қайтар түрі көрінбейді. «Хезболла» оқ атпау режимін бұзды» деп айыптайды. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху керісінше соққыны күшейтуді бұйырды. Биыл көктемде басталған қақтығыстардан Ливанда қаза тапқандар саны 3400-ден асқан.

Авторы: Ернат Рахметолла