Әлемде кәсіпкер әйел көбейді
Әйелдердің бизнеске қызығушылығы артып келеді.
Бұл үдеріс жаһан бойынша жыл сайын күшейіп, көптеген елдердегі экономика мен еңбек күшін теңестіруге таяды. Кәсіпкер әйелдердің жобаларын жүзеге асыруына мемлекеттік бағдарламалар да көп қолдау.
АҚШ-та кәсіп игерген әйелдердің үлесі 39%. Оларға шамамен 14 миллион кәсіпорын тиесілі. Сарапшылар бұл көрсеткішті алты жыл бұрынғыдан 13%-ға жоғары деп бағалап отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша қазір Құрама Штаттардағы жұмысшы күшінің тең жартысына жуығы нәзік жандар. Жеке кәсібін дөңгелетіп отырған әйелдер қосымша қаржылық ресурстарға, соның ішінде мемлекеттік қолдау шараларына үміт арта алады. Мысалы, мемлекеттік кепілдікпен берілетін несиелер қарастырылған. Елде мұндай несиенің 36%-ын әйелдерге тиесілі компаниялар жиі алады. Forbes қарыз сомасы 5,5 миллион долларға дейін, мерзімі 5 жылдан 25 жылға дейін болуы мүмкін екенін жазған. АҚШ-та сондай-ақ Women’s Business Centers және National Association of Women Business Owners сияқты ұйымдар жұмыс істейді. Бұл құрылымдар мемлекет қолдауымен құрылған және кәсіп бастағысы келетін әйелдерге кеңес беру, арнайы оқыту және алғашқы қадам жасауға көмектеседі.
Канадада кәсіпорын саны бір миллионнан асады. Олардың 21%-ы әйелдерге тиесілі. Елде кәсіпкер әйелдерді қолдау үшін 2018 жылдан бері "Әйелдер кәсіпкерлігі стратегиясы" бағдарламасы жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде бағдарлама төрт жүз мыңнан астам адамға көмек көрсетіп, қаржыландыруға, іскерлік байланыстарға және жетекшілікке жол ашты. Бағдарлама аясында бизнесті жүргізуге қатысты негізгі тақырыптар мен тәжірибелік жұмыстардан құралған бірыңғай ақпараттық орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар Әйелдер кәсіпкерлігі қоры бар. Қор өз ісін кеңейтуді және халықаралық нарыққа шығуды мақсат еткен әйелдерге 100 мың долларға дейін грант береді. Канада әсіресе технология саласындағы бизнес-ледилерді қолдауға баса назар аударып отыр.
Біріккен Араб Әмірліктері гендерлік теңдік бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы рейтингінде көш бастап тұр. Елде өз бизнесін ашқан әйелдер саны жылдан жылға артып келеді. Олардың кәсіпкерлік үлесі 18%, басым бөлігі 40 жасқа толмаған. Зерттеу бойынша кәсіпкер әйелдердің жартысына жуығы атқарушы директор лауазымдарын иеленеді, ал 61%-ы бизнесті өз күшімен жүргізіп отыр. БАӘ-де өз ісін бастауға жеңілдіктер мен гранттар ұсынатын мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді. Сонымен бірге Дубайдың Бизнес әйелдер кеңесі сияқты ұйымдар оқыту курстары мен семинарлар ұйымдастырып, қаржылық қолдау көрсетеді. Бұдан бөлек шетелдік бизнес-ледилер елде 10 жылға дейін тұруға мүмкіндік беретін Алтын визаға үміткер бола алады. Әмірліктерде сән және дизайн, онлайн сауда және маркетинг, консалтинг, білім беру және IT салалары танымал.